«Жаңа өмір бастауға жол ашылды» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 12 ақпан, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Қазақ Елі» атауы өте орынды көрінеді» деген мақала жарияланды. БАҚ-тың қуатымен «жаһандық ауылға» айналған қазіргі әлемде көптеген елдер атауларын өзгерту туралы ойлану үстінде. Мәселен, тұрақты да аса орнықты Чехия өзін Чечнямен шатастырғанды қаламаса, ал көршілес Словакия бірдей естілетін, бірақ әл-ауқаты айтарлықтай төмен Словениямен «ақпараттық ажырасуды» талап етеді. Мұндай мысалдарды тағы көптеп келтіруге болар еді.
Бас басылымда «Қаруын қаламға айырбастаған» деген мақала жарияланды. Талай боздақты құрбан етіп, талай жауынгерді жарымжан күйге түсірген Ауған соғысын кеңес әскерлерінің тастап шыққанына да ширек ғасыр уақыт болыпты. Ұлынан қапыда көз жазған ананың көз жасы әлі кепкен жоқ. Он жыл бойы кім үшін, не үшін соғысқанын білмеген сарбаздар 15 ақпанды мерекелеп, сол күні бір серпіліп қалады. Өйткені, 1989 жылдың дәл осы күні олар Ауғанстан жерін біржола тастап шыққан-ды. Елімізден бұл соғысқа 22 мың сарбаз бен сардар қатысып, олардың 761-і елге табытпен оралса, 21-і із-түзсіз кеткендер қатарында дейді ресми дерек. Ал елордамыз Астанадан (ол кездері Целиноград еді) борыштарын өтеген жауынгер-интернационалистердің арасында Целиноград облыстық әскери комиссариатынан әскерге 1981 жылы шақырылған әріптесіміз Ғалым Қожабеков те бар еді. Өзінің әскери борышын Ауғанстан жерінде толықтай өтеп, елге есен-сау оралған ол келген бойда қаруын қаламға айырбастады.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, министрлер кабинетінің кешегі жиыны театрға арналды. Ел Үкіметі өз отырысында барлық облыс әкімдерінің қатысуымен тұңғыш рет осы тақырыпты талқылап отыр екен. «Бұл - өте маңызды мәселе. Мемлекет басшысы мәдениет саласының дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Елбасы биылғы Жолдауында Мәдени саясат тұжырымдамасын дайындау қажеттігін айтты. Ал оны театр өнерін дамытпай, іске асыру мүмкін емес», - деді Премьер Серік Ахметов. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Үкімет мүшелеріне «осы қастерлі өнердің еліміздегі даму деңгейі» және ондағы қалыптасқан жағдай туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Бұл мақала «Үкіметтің төріне театр шықты» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «Жаңа өмір бастауға жол ашылды» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Тараз қаласындағы «Жүрек» кардиохиругиялық клиникасында оңтүстік аймақта тұңғыш рет жаңа ота түрі жасалды. Операция кардиохирургия және интервенциялық кардиология саласындағы әлемдік өндіруші St.JudeMedical (АҚШ) компаниясының арнайы құрылғысын қолдана отырып өткізілді. Кардиохирургия саласының білікті маманы, медицина ғылымдарының кандидаты Талып Ашировтың айтуынша, жүрек ақауы асқынған әрі қан қысымы жоғары, дәрі-дәрмектермен емделуге келмейтін адамдарға бұрын хирургиялық араласу жасалмайтын. «Біз бүйрек арқылы нерв қатынасын жоя отырып, сүңгі-түтік қою арқылы қан тамырларын кеңейту әдісін қолдануға болатынын, сөйтіп жоғарылап кеткен қан қысымының орташа деңгейге түсуіне және жүрек қызметінің дұрыс соғуына мүмкіндік жасауға болатынын білдік. Бұл әдіс алдын ала бірнеше рет тәжірибе арқылы тексерілген. Оңтүстік аймақта бұрын қолданылмаған. Біздің мұндай ота түрін жасауға қажетті барлық құрал-жабдықтарымыз бен мүмкіндігіміз болғандықтан, аталмыш ем түрі арқылы елімізде жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім көрсеткіштерін азайтуды міндет етіп отырмыз», - дейді маман.
***
«Түркістан» басылымының соңғы санында «Алыпсатарлар аласталды, ал тұтынушылар жеңілдікті сезінбей отыр» деген мақала жарияланды. «Коммуналдық қызмет түрлері жыл санап қымбаттайды. Халық айта-айта жауыр болса да арзандайтын түрі жоқ. Электр қуаты, газ, су мен жылуды қамтамасыз ететін мекемелер монополиялы холдингтерге айналғалы қашан?! Елімізде нарықты бір өзіне бағындырған алпауыттар көп. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі монополистерді бақылауды күшейтпесе, ойына келген бағаны орнатып, халықтың қалтасын тал түсте қағатынды шығарған», - деп жазады мақала авторы.