Жаңа отандық мультхикая қазақстандық бүлдіршіндерге 2016 жылы жол тартады (ФОТО)
Сценарий авторы Ринат Сүлейменовтің айтуынша, «Жандос және оның достары» деп аталатын жаңа анимациялық сериалдың мақсаты - 5 жасқа дейінгі балаларға қазақ тілін үйрету.
«Аталған телеөнім Жандос есімді бала туралы, ол кішкентай көрермендерге қазақ тілін және тарихын үйретеді. Мультфильм сюжеттері өте қызықты», - дейді Р.Сүлейменов. Түсірілім жұмыстарын жүргізген «SANA Media» компаниясы өкілдерінің айтуынша, анимациялық фильмді жасау үшін филологтар, режиссерлер, продюсерлер, сценаристер және танымал актерлер тартылған. «Мультхикаяның әр сериясында жаңа бір оқиға айтылады, яғни бір бөлімі екінші бөліміне тәуелді емес», - дейді «SANA Media» ЖШС директоры Құралбек Атамұратов. Жалпы, телеөнім 50 сериядан тұрады және оның әрқайсысы нақты тақырыптарға негізделген. Әр серияның уақыты - 7 минут. Мультфильм 2016 жылы республикалық арналардың бірінен көрсетіледі, деп хабарлайды skifnews.kz.