Жаңа парламент құрамы экономикалық тұрғыда білімді болғанын қалаймын - Х.Балтаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Әйелдердің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Ханзада Балтаева Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізуді қолдап отыр және жаңа парламент құрамы экономикалық тұрғыда білімді болғанын қалайды.

Жаңа парламент құрамы экономикалық тұрғыда білімді болғанын қалаймын - Х.Балтаева

«Менің ойымша, бұл бастама дер уақытында көтеріліп отыр. Қиын-қыстау кезеңде бұл дана шешім болар еді. Біз күн сайын әлемнің тым нәзік болып бара жатқанын аңғарып отырмыз. Экономика әлсіреп жатыр, оны болдырмау үшін Парламенттің кезектен тыс сайлауын өткізгеніміз абзал. Депутаттарға осы бастамалары үшін алғыс айтамын. Меніңше, Мемлекет басшысы олардың ұсынысын қолдайды», - деп атап өтті ол тілшілерге берген сұхбатында.

Оның ойынша, қазіргі Парламент Мәжілісі депутаттарының құрамы осал болмады.

«Ол жаман болған жоқ, өзінің тарихи миссиясын атқарып шықты. Осы уақыт аралығында 80-ге тарта заң қабылданып, жаңа команданың сәтті жұмыс істеуіне барлық алғышарттар жасалды», - дейді Х. Балтаева.

Қоғамдық бірлестік басшысының пікірінше, жаңа Парламент және жаңа Мәслихат депутаттары қоғам өзгерісіне жедел жауап бере алатын экономикалық білімі бар адамдардан құрылуы тиіс.

«Жаңа жобаларды жүзеге асыру тұрғысында жаңа құрам өте жедел болуы тиіс деп санаймын. Әлемде орын алып жатқан оқиғаларға жылдам жауап қатулары керек. Оның экономикалық білімі біршама жоғары болғанын да қалаймын. Парламентте кәсіпкерлерді жиі көргім келеді. Мықты экономика - ол мықты кәсіпкерлік, сондықтан кәсіпкерлік орта өздерінің сөздерін айтып қалуы тиіс», - дейді ол.