Жаңа патриотизмге тәрбиелеу мақсатында балалар туризмін дамыту керек - Е. Тарасенко

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа патриотизмге тәрбиелеу мақсатында балалар туризмін дамытуды кеңінен енгізу керек. Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен өткен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында комиссия мүшесі Мәжіліс депутаты Елена Тарасенко осылай мәлімдеді. Еске сала кетейік, ұлттық комиссия отырысында балалар-жасөспірімдер туризмін дамыту мәселелері талқыланған болатын.
None
None

«Бүгін біз Ұлттық комиссия отырысына еліміздегі аса өзекті мәселелердің бірін енгізіп отырмыз. Бұл балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, оларды өлкетану бағытында, қоршаған ортаны қорғау аясында білімдерін дамыту арқылы тәрбиесін қалыптастыру. Ең бастысы, біз елімізде балалар туризмін салауатты өмір салтын дамыту арқылы қалыптастыру мәселесіне назар бөлу керектігін ойластыруға тиіспіз», - деді Елена Тарасенко.

Оның пайымынша, балалар туризмін дамытуды экскурсиялар, саяхаттар ұйымдастыру арқылы жүзеге асыру маңызды әрі бұндай қадам тұлғалық қалыптасуға да жақсы әсер етеді.

«Мәселен, Батыс Қазақстан облысында балалар мен жасөспірімдер туризмінің станциялары ашылып қана қоймай, бүгінгі таңда олардың материалдық-техникалық базалары айтарлықтай жақсарған. Әр аудан орталықтарында, облыстық деңгейлерде балалар мен жасөспірімдер туризмінің орталықтары жұмыс істейді. Олар өңірдегі барлық мектеп балаларын біріктіріп, педагогтардың да қосымша білімдерін арттыруға ықпал етеді. Менің ойымша, бұл мәселе Үкімет деңгейінде қарастырылуы тиіс», - деді депутат Е. Тарасенко.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі күні білім және ғылым министрлігі тарапынан балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту жөніндегі тұжырымдамалық қадамдар әзірленген. «Сондықтан да, туризмнің осы саласын республика бойынша желілік ұйымдастыру маңызды», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар