Жаңа редакциядағы Еңбек кодексінің жобасы мақұлданды - Мәжіліс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары Еңбек кодексінің жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Жаңа редакциядағы кодекс жобасы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан бес институционалдық реформаны іске асыруға бағытталады.
Тұтастай алғанда, құжат Халықаралық еңбек ұйымының, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының еңбек стандарттарына негізделген еңбек қатынастарын реттеудің жаңа моделін қамтиды. Бұл ретте кодекс жобасы еңбек қатынастары саласында жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында мемлекеттік араласу шегін айқындауды, еңбек қатынастары субъектілерінің рөлі мен жауапкершілігін жіктеуді көздейді. Мемлекет өз тарапынан еңбекақылар мен өтемақылардың ең төменгі еңбек стандарттарын орнатып, жұмыс берушілер тарапынан олардың орындалуына бақылау жүргізеді. Бұл ретте ең төменгі әлеуметтік стандарттар әрбір азаматтың еңбек бостандығына, қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай еңбек жағдайына, еңбекке қандай да бір кемсітушіліксіз өтемақы алуына қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, кодекс жобасында бір жағынан жұмыс берушілер үшін белгілі бір көлемде жұмысқа жалдау, кадрлық жылжу, жұмыстан босату, қызметкерлерінің еңбек жағдайлары мен еңбегіне ақы төлеу рәсімдері жеңілдетілген. Екінші жағынан қызметкерлердің базалық еңбек мүмкіндіктері мен құқықтары белгіленіп, жеке ұжымдық шарттар мен келісімдер арқылы кеңейту көзделеді. Осылайша, өз дәрежесінде дамымай келген келісімдер мен ұжымдық шарттар рөлін көтеру қарастырылады. Тұтастай алғанда, кодекс жобасы кәсіпкерлікті, еңбек нарығын дамытуды, шетелдік инвесторлар тартуды белсендіре түспек. Бұдан басқа, мүгедектерді, жастарды, отбасылық міндеттері бар адамдарды қоса алғанда, жұмыскерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс орындарын құруға ынталандыруға бағытталған бірқатар шаралар да қамтылады. Жалпы, кодекс жобасында әлеуметтік қорғау, әділеттілік, екінші жағынан, экономикалық тиімділік арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті үйлестіруді сақтау көзделеді.