Жаңа реформа жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді - Балабиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің Үндеуінде ұсынылған реформа жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді. Билік тармақтарының өкілеттіктерін бөлуге қатысты конституциялық өзгерістер туралы пікірін білдірген Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа реформа жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді - Балабиев

«Әу баста іргетасы мықты қаланған үй қандай да болсын табиғаттың тосын құбылыстарына шыдас береді. Егер осы түсінікті мемлекет тұрғысында пайдалансақ, экономикалық қуаты күшті Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде мұқым дүниеге белгілі болды. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында әлемдегі кейбір мықты мемлекеттердің ғасырлап өтетін жолынан өтіп, қай жағынан алсаңыз да тамаша табыстарға жеткеніміз әуелі Алла, содан соң Елбасымыздың сындарлы саясаты, оған тіреу болған халқымыздың ынтымағында дер едік», - дейді Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев.

Оның айтуынша, Президент Конституция мен заңдарға өзгеріс енгізу арқылы билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу мәселесін күн тәртібіне қойып, заманның жаңғыруын дөп басып отыр. Бұл ретте Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктері Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілетін болады. Ал екіншіден, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету ұсынылады.

«Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлі күшейтілмек. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл сол сияқты министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді. Айтылған екі бағыттың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді. Қазір жаһандану жаңғырығы есігіңізді іштен құлыптап алғанды көтермейді. Көш соңында қалдырып кетеді.Осының бәрін ой елегінен өткізген Мемлекет басшысы еліміздің келешегін одан нығайту үшін осындай қадамға барды. Біз Үндеуді толықтай қолдаймыз. Президент нақтылаған екі бағыт мемлекеттік басқарудың тиімділігін артыратындығы сөзсіз. Сондықтан, жұмысшы тобына қоғамдық талқылауға шығарылатын сұрақтарды барынша зерттеп, нақтылаған жөн болар еді. Заман бір орында тұрмайды. Жаһандық қауіп қатерлер әлемдегі мықты саналатын талай мемлекеттердің қабырғасын күйретпегенімен айтарлықтай зардабын тигізіп жатыр. Үндеудегі байламда Елбасы реформаларды уақытында қабылдауды ұсынып, еліміздің болашағын кемел етудің тетіктерін ұсынды», - дейді Қ. Балабиев.