Жаңа регламент: Құрылтай депутаттары қай лауазым иелеріне сауал жолдай алады

АСТАНА. KAZINFORM – Депутаттық сауалға жауап бір айдан аспайтын мерзімде берілуге тиіс. Бұл туралы бүгін елордада Құрылтай Регламентін қабылдау кезінде депутат Снежанна Имашева мәлім етті.

Қазақстан Республикасының Құрылтайы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Регламенттің маңызды бөлігі Құрылтайдың Конституциялық Сотпен, Үкіметпен және Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-қимылына арналған. Оның ішінде Конституцияда және заңдарда көзделген мәселелерді қарау рәсімдері белгіленеді. Құрылтайдың құзыретіне жататын аса маңызды мәселелер бойынша тыңдау өткізу көзделген. Парламенттік бақылаудың аса маңызды тетіктерінің бірі – Үкімет сағаты. Оның аясында депутаттар Үкімет өкілінің баяндамасын тыңдайды, одан кейін бас комитеттің қосымша баяндамасы жасалады, депутаттар сұрақ қойып, талқылау жүреді. Нәтижесінде тиісті ұсынымдар қабылданады, - деді С. Имашева Құрылтайдың жалпы отырысында.

Сонымен қатар ол депутаттық сауал институты регламенттелгенін айтты. Депутат Премьер-министрге, Үкімет мүшелеріне, бірқатар басқа мемлекеттік органдардың басшыларына және өңір әкімдеріне сауал жолдауға құқылы.

- Депутаттық сауалға жауап бір айдан аспайтын мерзімде берілуге тиіс. Депутат талабымен жауап Құрылтай отырысында тікелей жарияланып, қосымша сұрақтар қоюға және талқылау жүргізуге мүмкіндік беріледі. Осылайша, Регламент парламенттік диалог пен бақылаудың бірнеше түрін көздейді: депутаттық сауал, депутаттық сұрақ, Үкімет сағаты, тыңдаулар, сондай-ақ Үкіметпен өзара іс-қимылдың арнайы рәсімдері (ПМ баяндамасы, Үкімет мүшесінің есебі), - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Құрылтай отырыстары өтетін апта күндері бекітілді.