Жаңа рекорд: Ыстанбұл әуежайы жолаушы тасымалы бойынша көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Ыстанбұл әуежайы 16 тамызда 1739 рейс пен 290 287 жолаушыға қызмет көрсетіп, Түркия мен Еуропада тәуліктік рейстер және жолаушылар саны бойынша абсолютті рекорд орнатты. Бұл туралы Түркияның көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоглу мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолу.

Стамбұл әуежайы
Фото: besthouseturkey.com

Уралоглу өз мәлімдемесінде Ыстанбұл әуежайының 16 тамыздағы тәуліктік жолаушылар ағыны мен рейстер саны туралы деректерді келтіріп, әуежайдың жаңа рекорд орнатқанын атап өтті.

– Ыстанбұл әуежайы 16 тамызда 1739 рейс пен 290 287 жолаушыға қызмет көрсетіп, Түркия мен Еуропа тарихындағы тәуліктік рейстер мен жолаушылар саны бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді, – деді ол.

Министр Ыстанбұл әуежайының халықаралық авиациядағы стратегиялық маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

– Өткізу қабілеті, қуатты инфрақұрылымы және қызмет көрсету сапасының жоғарылығы арқасында Ыстанбұл әуежайы әлемдегі жетекші әуежайлардың қатарына кіреді. Жаңа рекордтар оның жаһандық транзиттік хаб ретіндегі позициясын одан әрі нығайтып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті, – деді Уралоглу.

Еске сала кетсек, бұған дейін елорда әуежайы мүмкіндігінің қаншалықты артқанын жаздық. Ал Астанадағы жаңа әуежайдың құрылысы келесі жылы басталатыны белгілі болды.