Жаңа робот дәрігерлерге отаны тіліксіз жасауға көмектеседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Хирургтер ота кезінде роботтардың көмегіне жиі жүгінеді. Себебі, олар барынша нақты ақпаратты береді. Осыны ескерген ғалымдар хирургтерге отаны тіліксіз жасауға көмектесетін жылан роботты жасап шығарды, деп жазады Meddaily.
Жаңа роботтың артықшылығы - ол адамның ішіне аузынан кіргізіледі. Аталмыш роботтың авторы - Карнеги Меллон университетінің профессоры Хоуи Чосет. Бастапқыда ол Австрияның байқаусыз қалған атом стансасын зерттеу мақсатында пайдаланылған. Қазір оған дәрігерлер қызығушылық таныта бастады.
Роботталған эндоскопиялық жүйе адамның іш құрылысындағы қиын органдарына жетіп, оның суретін алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, соның арқасында науқастын оңалу кезеңі қысқарады.
Аталмыш «жылан» джойстиктің көмегімен басқарылады. Оның басында бейнекамера орнатылған. Әзірге жылан робот жұтқыншақ пен көмейге ота жасау кезінде қолданылмақ. Мамандар алдағы уақытта оның көмегімен жүрекке ота жасауға болатынына сенімді.