Жаңа Салық кодексі инфляцияға қалай әсер етеді

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин жаңа Салық кодексі елдегі инфляцияға қалай әсер ететіні туралы пайымын айтты. 

Жаңа Салық кодексі инфляцияға қалай әсер етеді
Фото: Kazinform

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген вице-министр кодекс биыл қабылданғанымен күшіне келесі жылы бірақ енетінін еске салды.

— Қосылған құн салығының жаңа мөлшерлемесі 2026 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін болғандықтан оның инфляцияға әсері де сол күннен басталады. Біздің есепке сүйенсек, 2,5-3 пайыз көлемінде ықпал етеді, — деді Азамат Әмрин.

Еске салсақ, жаңа кодексте қосылған құн салығы салынатын айналымның төменгі шегі 40 млн теңге болады деп көрсетілген. Үкімет ҚҚС-дан жалтару фактілерін азайту үшін жеке кәсіпкерлікті тіркеу рәсімін қатаңдатпақ.

Ал ақылы медициналық қызметтерге 10% ҚҚС салыну ұсынылып отыр. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек пен медициналық қызметке салынатын ҚҚС-ны 5%-ға дейін түсіруді ұсынып отыр

Сондай-ақ, жаңа кодекс бойынша ауылшаруашылық тауар өндірушілер ҚҚС-тан толық босатылмайтын болды.

Құжатта 1,3 трлн теңгеден асатын 128 салық жеңілдігін алып тастау ұсынылған. Ал сән-салтанат салығы құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік иелеріне қолданылмақ. Жылдық табысы 33,4 млн теңгеден асатын азаматтар табысының 15 пайызын салыққа төлеуі мүмкін.

Қосылған құн салығын салуға негіз болатын айналымның ең төменгі шегі үй жанындағы дүкендер мен шаштараздар иелеріне қолданылмайды.

Соңғы жаңалықтар