Жаңа Салық кодексі кейбір салық төлеушілерді жеке кәсіпкер ретінде тіркелуден босатады
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткізген жаңа Салық кодексін таныстыру іс-шарасында қолөнершілерге арнап жеке салық режимі жұмыс істейтінін мәлім етті.

«Бізде арнайы салық режимдері өте көп екенін білесіздер. Бизнеспен сөйлескенде, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен сөйлескенде режимдердің өте көп екенін, шатасатындарын айтты. Осы кемшіліктердің бәрін жою үшін режимдерді барынша қысқарттық. Бірінші режим – өз-өзін жұмыспен қамтушылар режимі. Оған қазір мобильдік қосымша арқылы, интернет платформалар арқылы қызмет көрсетушілер, 34 қызмет түрі бойынша патент арқылы жұмыс істеушілер кіреді. Бұл 34 қызмет түрінің негізгі бөлігі қолөнершілер деуге болады», - деді ол.
Вице-министр аталған тұлғаларға жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажет болмайтынын айтады.
«Бұл жерде астын сызып тұрып айтатын дүние, оларға енді жеке кәсіпкер ретінде есепке тұрудың қажеті болмайды. Яғни, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті емес, табысы бойынша жай ғана алым төлеп отырады. Демек, табысынан төлем жасайтын жеке тұлғалар болады деген сөз. Неге төлем деп отырғанымды түсіндірейін. Бізде салық салу нысаны оның табысы болады. Табыстың салық мөлшерлемесі 4 пайыз болады. Бірақ бұл жердегі 4 пайыз салық түрінде алынбайды. Олар өзінің зейнетақы жинағына, әлеуметтік сақтандыруына, медициналық сақтандыруына ғана жарна аударады. Болды, бұл жерде салық жоқ. Бұл жердегі табыс шегі 1 млн 250 мың теңге болады. Ал табыс көзі патент тізімдегі 34 қызмет түрімен, интернет платформалары арқылы мобильдік қосымшалар арқылы қызмет көрсетумен байланысты болу керек», - деді Азамат Әмрин.