Жаңа Салық кодексі Парламент қарауына қашан түседі – депутат болжамы

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева жаңа Салық кодексін әзірлеу үшін алда атқарылар жұмыстарға қатысты пікір білдірді.

мүлік салығы,
Фото: ҚазАқпарат

«Өзіңіз де білетіндей, Президент Салық кодексінің жобасын қатты сынға алды. Оның тұжырымдамалық нормалары өткен жылы бизнес-қоғамдастықпен талқыланған болатын. Енді Үкімет іс жүзінде кодекс жобасын қайтадан пысықтап жатыр. Болжаммен біз оны осы жылдың мамыр айынан бұрын көре алмаймыз. Сондықтан да қандай да бір новеллаға пікір білдіруге әлі ерте», - деді депутат агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Осы орайда ол кодекс жобасының қанша пайызы қайтадан пысықталуы мүмкін екендігін нақты айта алмайтындығын атап өтті.

«Нақты айта алмаймын. Әлі көрген жоқпыз және жаңа қандай дүниелер бар екендігін, ненің қайта қаралып, не қалатындығын, қандай толықтырулар болатындығын білмейміз. Жалпы, біздің Парламентіміз өте үлкен. Онда бірнеше партия, бір мандатты депутаттар бар. Сол себепті барлығы да үлкен өзгеріс күтеді және олар алуан түрлі. Сол себепті талқылау да қызу болады», - деді Татьяна Савельева.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына көңілі толмайтындығын ашық айтқан еді.

Президенттің пайымынша, сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатыр.

«Бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін. Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды», - деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Соңғы жаңалықтар