Жаңа Салық кодексі әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілерге жеңілдік ұсынуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, жаңа Салық кодексі әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілерге жеңілдік ұсынуы мүмкін.
Бұл жайында ол Сенатта өткен дөңгелек үстелден кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бізде қосымша құн салығының базалық мөлшерлемесі бар. Базалық мөлшерлеме қазір 12 пайыз. Соны саралау керек деген нұсқалар бар. Мысалы, әлеуметтік маңызы бар өнімдер үшін 8 пайыз болу керек деген нұсқа қаралып жатыр. Медициналық тауарлардың қосылған құн салығы 3 пайыз болу керек деп отырмыз. Ал ауыл шаруашылығы өнімі болса, 3-5 пайыз арасында болуы мүмкін. Қазір есептер жүріп жатыр», - деді ол.
Вице-министр корпоративтік табыс салығын саралап салу бағытындағы ұсыныстарға да тоқталды.
«Корпоративтік табыс салығына келсек, жалпы базалық мөлшерлеме 20 пайыз болады. Ұлғайтылған мөлшерлеме жеке санаттар үшін 25 пайыз болуы мүмкін. Сондай-ақ, төмендетілген мөлшерлеме ұсынылып отыр. Бұл 10 пайыздан 0 пайызға дейін. Төмендетілген мөлшерлеме өндірісті кеңейтуге және қосылған құнын арттыруға инвестиция салғандар үшін қарастырылуда. Яғни, осы талапқа сай келген кез келген саланың өндірісіне осындай жеңілдік берілуі мүмкін», - деді Азамат Әмрин.