Жаңа Салық кодексінде алкоголь өнімдерімен айналысатын кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастырылған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа Салық кодексінің жобасында алкоголь өнімдерімен айналысатын кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастырылған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Министр Салық кодексіне енгізіліп жатқан өзгерістер кәсіпкерлерге тиімді екенін жеткізді.
«Қазіргі уақытта алкоголь өнімін лицензиялау процесі көптеген наразылықтар мен даулардың туындауына себеп болып жатады. Салық кодексінің жаңа жобасында лицензиялық бақылауды ырықтандыру (либерализация) көзделеді. Демек, лицензия алдында тексерулер жүргізілмейді. Тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде лицензиялаудан кейінгі бақылауға көшу болжанып отыр», - деді Бақыт Сұлтанов.
Министр сондай-ақ, қазіргі қолданыстағы кодекс нормаларының репрессивтілігін төмендету мақсатында корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді төмендеткені үшін әкімшілік айыппұл мөлшері 40-тан 20 процентке дейін азайтылғанын атап өтті. Бұған қоса баламалы тексерулер бойынша аудиторлық компанияларды лицензиясынан айыру жөніндегі норма алынып тасталған.
«Қорытындылай келе, әкімшілендіруді жетілдіру бойынша барлық жаңалықтар бизнестің дамуына сөзсіз оң ықпал ететінін және салық органдары жұмыстарының фискалдық әдістерінен бизнеспен әріптестік қатынастарға көшуді қамтамасыз ететінін атап өткім келеді», - деп түйді министр.