Жаңа шығармалар оқырманға жол тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірнеше жыр жинақтарының авторы, талантты ақын Болат Шарахымбайдың ойлы да нұрлы «Сұңқартас пен ақынтас» атты жаңа кітабы оқыр­манға жол тартты.
None
None

«СҰҢҚАРТА пен АҚЫНТАС»

Ақынның бұл жаңа жинағына соңғы кезде жа­зыл­ған отаншылдық сезімдерді бейнелейтін, адам­ның жан дүниесіне терең бойлаған шұғылалы жырлары еніп отыр. Биіктікке, тазалыққа, сұлулыққа жаны құмар Болаттың лирикалық кейіпкері бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын, бояуларын бар болмысымен қа­был­дап, жыр тілінде сыр шертеді.

«Сұңқартас пен ақынтас» - ақын ғұмырбаянының жаңа бір кезеңі, тың белесі.

«Іздерім»

Тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фа­ра­би атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Төре­ғали Қаратаевтың «Іздерім» атты жаңа кітабы жарық көрді.

Автордың бұл еңбегінде кіндік қаны тамған топырағынан бастау алып, түрлі баспалдақтардан өту жолындағы кезеңдері бүге-шігесіне дейін баяндалады. Сондай-ақ, көп жыл жолдас­тық­пен, қызмет бабымен аралас болған қоғам қайраткерлері туралы көргендері мен көңілге түйгендерінен философиялық ой­лар өрбітеді. Көңілдің түрлі сәттері мен сезім толғаныстарынан туған өлең шумақтары да жырқұмар қауымды жылы әсерлерге бөлейтіні анық.

«Асыл бейне»

Эдельвейс баспасынан поэзия патшайымы Фариза Оңғарсынова жайлы «Асыл бейне» атты жаңа кітап жарық көрді. Өмірінің соңына дейін жақын-жуық­тарын, өзінің Айбарын, олардың балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, аналық мейіріміне бөлей білген балажан ақын Фариза­ға деген перзенттік махаббатқа толы бұл кітаптың орны басқалардан өзгерек.

Жинақ негізінен, Оңғарсыновтар әулеті­нің ең жас өрендерінің еске алуларынан тұрады. Жауқазындай жас ұрпақтың даңқ­ты әжелері туралы жүректен туған есте­лік­тері барынша шынайы.

Көркем безендірілген кітаптан бала жүрегінің лүпілі, тап-таза тұма бұлақтың сыл­дыры естілгендей болады. Әрбір жолы әжелерді ардақтауға үндеп тұрған естелік­тер жинағы ұрпаққа үлгі боларлық.

«Қара орамал»

поэма-реквием

Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқар­масы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай­дың «Қара орамал» поэма-реквием атты жаңа жыр жинағы жарық көрді. Шығарма ақынның қалам қуатын ғана емес, қазіргі қазақ өлеңінің тың өрісін, бүгінгінің бүтін сөзін көрсететін шығарма. Суреткер адамзат қайғысынан ортақ ой түйіп, зұлмат жылдарға жырмен ескерткіш орнатқан. Бұл жинақ белгілі орыс ақыны Надежда Чернованың тәржімәсімен жырсүйер қауымға екі тілде жол тартып отыр.

«Ғаршы» және «Ғаусар»

Таяуда ақын Ақберен Елгезек пен Ерлан Жүністің «twinbook» форматында «Ғаршы» және «Ғаусар» атты жыр жинақтары жарық көрді.

Қазақ әдебиетінде тұңғыш рет «twinbook», яғни «егіз кітап» форматында шығып отырған бұл кітап егіз жанның елге ұсынған екі бөлек әлемі. Оның бір ерекшелігі - оқырман бір ғана авторды оқымайды. Бір кітаптың ішінде екі автордың жырларына бірден қол жеткізе алады. Бұл жинақтан Сіз өмірдің ащысы мен тұщысын, кейде тәтті сәттерін де бірге көрген екі достың, екі рухани жақын адамдардың жан арпалысын, қуанышы мен мұңын, жеңісі мен жеңілісін, арманы мен үмітін табасыз.

Ұлттық рух тағылымы

Танымал жазушы-журналист Бақтыбай Айнабековтың Астанадағы «Профи Медиа» баспасынан жарық көрген бұл кітабы - «Болашақ» стипендиясының иегері Мақсат Ысқақовтың республикалық жастар форумында Елбасының назарын аударған жігерлі де жалынды сөзін мақтанышпен талдап жеткізе отырып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, оларды өз ана тілін құрмет тұтып, еркін ойланып, елін және Елбасын сүюге шақырады.

Қырғыз тілінде жарық көрді

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал қаламгер, публицист, журналист, «Замана» баспа үйінің директоры, бірнеше прозалық және жыр кітаптарының авторы Иса Омардың «Ак жамгыр» атты жаңа кітабы қырғыз тілінде жарық көрді. Бұған дейін де қаламгердің бір жинағы қырғыз тілінде жарық көрген болатын.

Ақынның сыры жырында

Келісті де, келелі сөз өрнегін кестелейтін поэзия әлеміне айшықты тың толғаныстарымен келген астарлы ақын Ербол Болысовтың «Тоғанай Т» баспасынан «Ағыс» атты жыр жинағы жарық көрді. Жинаққа ақынның әр жылдары жазылған өлеңдері енгізілген. Ақынның қай өлеңі де жан әлемін әлдилей келіп, ақ қағазға құйылған табиғи дүниелер. Кітап жырқұмар оқырманға арналады.

Г. Сыдықова

Соңғы жаңалықтар