«Жаңа талапқа жұрт көндіге ала ма?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 20 қаңтар, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жаңа талапқа жұрт көндіге ала ма?» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жазушы Бақытжан Момышұлының «Таңдау мен сайлау» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Сайлау бес жылда бір рет болатындығына, осы ретте дұрыс таңдау жасаған кісінің алдынан тура жол ашылатынына қатты сенетінін баса жазған қаламгер: «Бүкіл еліміз бойынша сайлауымыз сәтімен өтті. Мен соған қуанып, құтты болсын айтамын. Депутаттыққа өткен барлық азаматтарымыз еліміз бен жерімізді, халқымызға ортақ мүдделерді ұмытпай, қызмет­те­ріне кірісуіне, жұмыстары нәтижелі болуына ақ жол тілей­мін. Жаңарған Мәжіліс пен мәслихаттарға халқымыз үлкен үмітпен қарайтынын жаңа депутаттарымыз да ұмытпасын демекпін», - дейді.

 «17 қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорк­те­гі штаб-пәтерінде сайлау қорытындысы бойынша Қазақ­стан азаматы Марат Сәрсембаев БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің құрамына сайланды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, сайлау үш кезеңді дауыс беруден өтіп, екінші кезеңде Қазақстан азаматы айқын жеңіске жетті. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша комитетінің құрамына 2012 жылдың соңына дейін сайланып, 2012 жылғы қыркүйекте жаңа кезеңге (2013-2016 жж.) сайлану құқығына ие болды. Осындай мәртебелі дәрежеге жету қазақстандық үміткердің жеке кәсіби қасиеттерінің, халықаралық сахнада өсе түсіп отырған еліміздің беделі мен абыройы мәртебесінің, адам құқы­ғын қорғауда және заң үстемдігін, демократиялық қағидаларды нығайту жолындағы айқын көрінісінің белгісі ретінде танылуда.

***

«Мәжілісі тарқағалы саяқ қалған Сенат кеше соңғы отырысын өткізді», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Сенат сессиясын жапты» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Парламенттің бар міндетін бір тізгінде ұстаған палата бұл жолы төртінші шақырылымның бесінші сессиясын да өзі қорытып, ертеңгі жаңа құрамда, жаңа шақырылыммен жолықпаққа тарқасқан. Конституциялық заңға сәйкес, Парламенттің өкілеттік мерзімі кезекті сайланымдағы Мәжіліс депутаттарының мерзімімен айқындалмақ. Сенаттың тәмамдалған сессиясында көтерілген жайттар жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

 Автокөлік жүргізушілері үшін жаңа жылдан бастап жаңа тәртіп енгізіледі. Қаңтардан бастап жүргізушілеріміз техникалық байқауды жекеменшік техникалық қызмет көрсету орталықтарынан өткізіп жатыр. Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің құзырында болған бұл қызмет енді Көлік және коммуникация министрлігіне берілді. Жаңа жылдан бері осы мәселеге қатысты жүргізушілеріміз тарапынан бірталай наразылықтар туындап, түсініспеушіліктер де кездесіп жатты. Осыған орай кеше техникалық байқауды қанатының астына алған министрлік арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл жайында тереңірек «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Жаңа талапқа жұрт көндіге ала ма?» деген тақырыппен берілген мақаладан біле аласыздар.

***

Өткен сайлау еліміздің Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бағытына қолдау білдіретінін көрсетті. Сондықтан болар Елбасы атына түсіп жатқан құттықтау хаттар толастар емес. Солардың бірпарасы «Казахстанская правда» газетінде жарияланды. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Болгар этномәдени орталығының жетекшісі Павел Маглели өз хатында: «Қазақстандықтардың 81 пайызы Елбасы партиясына дауыс беріп, тұрақтылық, әл-ауқат, одан әрі өркендеу, бірлік пен келісім пайдасына өз таңдауын жасады. Біз өзіміздің көп ұлтты үйіміздегі тыныштық, төзімділік, достық үшін дауыс бердік», - дей келіп, Қазақстанды екінші Отаны санайтындығына, осында тұратын түрлі этнос өкілдері - оның шынайы патриоты болуға ұмтылатындығына назар назар аударған.