Жаңа технологияларды әзірлеуші елдер авторлық құқықтармен қорғанып отыр - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа технологияларды әзірлеуші елдер авторлық құқықтармен және патенттермен қорғанып отыр. Бұл туралы бүгін Х Астана экономикалық форумының жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа технологияларды әзірлеуші елдер авторлық құқықтармен қорғанып отыр - Елбасы

«Өсім жаңа моделінің басты элементі - дамушы елдерді жеделдетілген тұрақты дамуға тарту болуы тиіс. Бүгінгі күні жаңа технологияларды әзірлеуші елдер авторлық құқықтармен және патенттермен қорғанып отыр. Бұл ғылыми және қаржылық ресурстары жеткіліксіз елдерді одан ары артта қала  беруіне түрткі болады. Бұл мәселеде жасанды кедергілер болмауы тиіс», - деді Қазақстан Президенті.

Осы орайда Мемлекет басшысы әлемде бір жарым миллиард адам электр жарығынсыз, үш миллиардқа жуық адам су тапшылығы жағдайында өмір сүріп отырғандығын баса айтып өтті.

«Мұндай жағдай жер бетіндегі жаппай көші-қонды одан ары өршіте түседі. Сондықтан елдердің дербес дамуына және оларды жайлы өмір сүретін орынға айналдыру үшін жағдай жасау маңызды болмақ. Қазақстан кезең-кезеңімен тұрақты дамуға бағытталған реформалар жүргізуді жақтаушы болды және болып қала да береді. Біздің негізгі мақсатымыз сапалы өсім, дамыған отыз елдің қатарына кіру», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.