«Жаңа толқын» байқауына Қазақстан атынан жас әнші ADAM қатыспақ
«Дзинтари» концерттік залында әлемнің әр елінен келген он бес байқауға қатысушы өз бағын сынға салады. Байқаудың үш күнінде жас орындаушылар әлемдік үздік туындыларды, өз еліндегі хиттар мен жеке әндерінің премьерасын орындайды.
12-ші байқауда Қазақстан атынан жас дарынды әнші ADAM өз өнерін паш етпек. Байқаудың жартылай ақтық сынында танымал отандық орындаушылардың қатысқанына қарамастан, байқаудың ақтық сынына жолдаманы жас әнші ADAM қанжығасына байлаған болатын. Жас әнші «Жаңа толқын» байқауына қатысып, жоба қатысушыларының қатарынан көрінуді бұрыннан армандағанын да жасырмайды. Болашақта жас әнші этнорок және джаз стилінде сапалы музыка жазуды жалғастыра бермек. Ал қазіргі уақыттағы оның басты міндеті - «Жаңа толқын-2013» байқауында өз өнерін лайықты дәрежеде көрсету.
«Біздің басты міндетіміз - қазақстандық эстрадада баламасы жоқ музыкалық жоба жасау. Бүгінгі уақытта сахнаға шығу сәтінен бастап байқаудың үш күніндегі музыкалық репертуарды, барлық нюанстарды егжей-тегжейіне дейін ойластырудамыз», - дейді байқауға қатысушының продюсері Динара Адам.
«Ең басты қиындық - лайықты музыкалық репертур таңдап алуда. Бақытымызға орай, бұл мәселені шештік. ADAM-ның жанры өте күрделі, сондықтан да оның диапазонын кез келген ән аша алмайды. Байқауда ADAM қандай әнмен өнер көрсететініне қатысты еш идея таба алмай, көңілім құлазып отырған сәтте телефоныма қоңырау шалынып, ол жабырқаған көңіліме күш сыйлады. Қоңырау шалған Құрмаш Маханов, ADAM-ның орындауына лайықты тамаша ән бар екенін айтты. Құрмаштың айтуынша, әннің әуенін оны тек ADAM орындауында елестете отырып жазыпты. Бұл жағдайды мен тек мистика деп айта аламын. Құрмаш бізге Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Гүлістан» әнін авторлық ән ретінде сыйға тартты. Осы әнмен ADAM халықаралық байқауда ел намысын қорғамақ», - дейді Д. Адам.
«ADAM - өте сирек кездесетін вокал иесі, дауысы серіппелі, қатты, ерекше тембрлі артист. Оның өз орындау әдісі, ерекше стилі, тембрі бар, оның үстіне өте ақылды жан. ADAM - шахмат бойынша спорт шеберіне үміткер, кәсіби музыкант, ой-өрісі биік парасатты адам. Біз оған сенеміз және оның бойындағы барлық қасиеттер елімізге көптен күткен жеңісті алып беруге өз ықпалын жасайды деп үміттенеміз», - деп айтып өтті қазақстандық әншінің продюсері.