Жаңа тұмау бір жылда Жер халқының үштен біріне жұғуы мүмкін - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы
АСТАНА. Шілденің 31-і. ҚазАқпарат - Бір жылдың ішінде Жер халқының үштен бірі А /H1N1/ тұмауы вирусын жұқтыруы мүмкін. Бұл туралы кеше Женевада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бас директорының орынбасары Кэйдзи Фукуда мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Бұған дейінгі пандемиялардағы тәжірибе көрсетіп отырғандай, бір жылдай кезеңде Жер тұрғындарының шамамен үштен бірі, тіпті одан да көбі ауырады», - деді Кэйдзи Фукуда жапондық «Киодо» агенттігіне берген сұхбатында.
Әзірге нақты көрсеткішті атау мүмкін емес екенін айтып өткен ол, «әр елде вирусты жұқтырғандардың саны әртүрлі болуы ықтимал, бірақ қанша адамның инфекция жұқтыратыны - 20 пайызы ма, 40 пайызы ма - маңызды деп ойламаймын. Қалай болғанда да бұл өте үлкен көрсеткіш, яғни бұл бізге пандемия туралы хабар беруде, ал біз вирусты жұқтырғандардың көбейетінін білуіміз керек», деді ол.