Жаңа Үкімет алдында ауқымды міндеттер тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жаңа құраммен алғашқы Үкімет отырысын өткізді. Онда жуырдағы кеңейтілген отырыста Үкіметке Елбасы тапсырған мәселелер талқыланып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жайы қаралды.

Жаңа Үкімет алдында ауқымды міндеттер тұр

Жаңа құрам дегенмен, Үкіметте айтарлықтай өзгеріс бола қойған жоқ. Оны жаңа басшының өзі де айтып өтті. Сондай-ақ, бұлай болуының бір себебі, қазіргі Үкімет мүшелеріне Елбасының сенімділігінде, дейді Премьер-Министр. Біздің бәрімізге көрсеткен үлкен сенімі деп қабылдауымыз керек. Сондықтан Үкімет мүшелерінің атынан және жеке өзімнің атымнан Елбасына көрсетіп отырған қолдауы мен сенімі үшін алғыс айтқым келеді, деді Б.Сағынтаев. Одан соң Үкіметтің жаңа мүшелерін қысқаша таныстырып, бірден негізгі мәселеге көшті. Кеңейтілген отырыстағы Елбасы берген тапсырмаларға тағы бір тоқталып, нақтылай түсті.

Осы тапсырмалар үшін сұраныс қатаң болады. Оның барлығы белгіленген мерзімде және сапалы орындалуы тиіс. Сондықтан бәрімізді қауырт жұмыс күтіп тұр. Елбасымен бірге баратын сапарлар болмаса, бүкіл шетелдік сапарларды жылдың соңына дейін қоя тұру қажет. Аса бір қажеттілік туындай қалса, онда менің жеке өкіміммен шығасыздар. Еліміздің өңірлеріне жасайтын сапарларға да келісіп барасыздар. Сіздер Үкімет тарапынан қандай шешімдер керек, тез арада анықтап, ұсыныс енгізіңіздер. Біз қабылдаған шешімдер қарапайым xалыққа түсінікті болуы тиіс. Біздің кез келген шешіміміз жұртшылыққа тез арада жетіп, мақсат-міндеттерді үнемі түсіндіріп отыруы қажет, деді Үкімет басшысы.

Елбасының тапсырмасына сәйкес Үкімет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі халықты баспанамен қамтамасыз етудің кешенді қадамы ретінде «Нұрлы жер» бағдарламасын әзірлеу болатын. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне облыс әкім¬дерімен, мүдделі мемлекеттік органдар және ұлттық компаниялармен бірлесе отырып, «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.

Аталған бағдарламаға қолданыстағы бағдарламалардағы баспанаға қатысты мәселелердің барлығы шоғырланады. Бұл ретте Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қолданыста бар жер қорына тиісті сараптама жүргізуді, ал өңір әкімдеріне бас жоспарларының өзгеруіне қатысты тиісті ұсыныстар жолдауды тапсырды. Бұл жаңа бағдарламаның әлеуметтік маңыздылығы жоғары. Сондықтан оны қоғам мүшелерімен тиянақты талқылау керектігі айтылды.

Мемлекет басшысының Үкіметке жүктеген тағы бір тапсырмасы ағымдағы жылғы бюджетті нақтылау. Бұл ретте, Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін Үкімет бюджетте тиісті қаржы шығындарының алдағы үш жылдық бюджетте қамтамасыз етілуін қадағалайды. Сондай-ақ, Үкімет АӨК бойынша жаңа міндеттерді қолға алмақ.

Осы орайда, Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне елдің қаншалықты инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілгенін анықтауды, Ұлттық экономика министрлігімен және әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Осы мәселелердің шешілуі АӨК-ті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасының негізіне енеді. Премьер-Министр сонымен қатар, Инвестициялар және даму министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне көліктік инфрақұрылымдар бойынша жобаларды жүзеге асыруды жылдамдатуды жүктеді.

Үкімет басшысы елдегі инфляция көлемін төмендету тапсырылғанын да еске сала кетті. Ұлттық экономика министрлігіне биыл аймақ әкімдерімен бірге бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуді және табиғи монополиялар қызметінің тарифтерін өсірмеуді тапсырамын, деді Б.Сағынтаев. Сонымен қатар, бизнесті қолдау құралдарын одан әрі жетілдіру және мемлекеттік-же¬ке¬меншік серіктестік қолдану тетіктерін енгізу бойынша тапсырмалар берілді.