Жаңа Үкімет бюджеттен бөлінетін әрбір тиынды қадағалауы тиіс - сарапшы
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Алуа Жолдыбалина қайта жасақталған ҚР Үкіметі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сарапшы 11-ші Үкімет басшысы болып тағайындалған Асқар Маминнің тәжірибелі менеджер екенін атап өтті.
«Бұл қызметке Премьер-Министрдің уақытша міндетін атқарушы Асқар Маминнің тағайындалатыны алғашқы күндері-ақ болжанған еді. Әрине, бұл ретте Маминнің ұлттық компаниялардағы, вице-премьер ретіндегі тәжірибесі ескерілді. Ең алдымен бұл кісі - тәжірибесі мол білікті менеджер», - деді А. Жолдыбалина.
Оның айтуынша, алдыңғы Үкіметтің алдына индустриализация, экономика, бес институционалды рефомраны жүзеге асыру, заңнамалар дайындау міндеттері қойылса, жаңа Үкіметке мүлдем басқа тапсырмалар беріледі.
«Бүгінгі жаңа Үкіметтің ең үлкен міндеті - елдегі әлеуметтік жағдайды қалпына келтіру, әлеуметтік қорғалмаған топтарға жағдай жасап, олардың қорғалуына бағытталған бағдарламалардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Тағы бір маңызды міндеті - жұмсалатын қаржыны тиімді қолдану және оған бақылау орнату. Яғни, бюджеттен бөлінетін әрбір тиын, әрбір қаржыға бұл Үкімет мұқият жауап беруі тиіс және қадағалауы тиіс», - деп өз сөзін толықтырды сарапшы.
Әсіресе, көпбалалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен топтардың қорғалуы, жұмыспен қамту мәселесін шешу міндеті Қазақстанда ғана емес, әлемдік саясатта алдыңғы орынға қойылып отыр.
«Бұл - әлемдік тренд. Яғни, жаңа Үкіметтің тағы бір атқарар міндеті - адами капиталды дамыту. Қазақстандағы білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласын жаңа деңгейге шығарып, ол салада қабылданған барлық бағдарламаларды жүзеге асыруда тиімді жұмыс істеуі қажет болады», - деді Алуа Жолдыбалина.