Жаңа Үкіметтің міндеті халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталу керек – «Ауыл» партиясы
АСТАНА. KAZINFORM – «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Серік Егізбаев жаңа Үкімет басшысының басты міндеті халықтың тұрмыс деңгейін көтеру болу керек деген ой айтты.

«Ендігі Үкімет бірінші, екінші, үшінші кезекте халықтың әл-ауқатын арттыру керек. Халық тек соны күтіп отыр. Экономиканың қай саласын дамытамыз, қандай инвестиция тартамыз дегеннің бәрі – механизм. Егер халық жан қалтасында, дастарханында, балаларының оқу жағдайы, үйдегі жағдайы жақсарғанын сезбесе, реформалардың оң ықпалы сезілмесе, ауылдағы халықтың бағы жанбайды. Сондықтан Үкіметтің алдында тұрғна міндеттердің біріншісі де, екіншісі де, үшіншісі де тек қана халықтың жағдайы мен әл-ауқаты деп айта аламын», - деді Серік Егізбаев.
Депутат Премьер-министрлікке Олжас Бектеновтің кандидатурасы ұсынылатынын күтпегенін айтты.
«Қоғамда 5-тен кем емес кандидатура талқыланып жатты. Бұл тұлға әдеттегідей ол тізімде болмады. Шынымды айтайын, жеке мен үшін күтпеген жайт болды», - деді Мәжіліс депутаты.
Айта кетейік, бүгін Олжас Бектенов Премьер-Министр болып тағайындалды.