Жаңа университет еліміздегі жоғары білімнің флагманы бола алады - Елбасы

АНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Назарбаев Университеті» жаңа оқу орны Қазақстандағы жоғары білімнің флагманы бола алады. Бүгін елордада «Назарбаев Университеті» студенттері мен оқытушы қауымының алдында дәріс оқыған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

Жаңа университет еліміздегі жоғары білімнің флагманы бола алады - Елбасы

«Мен әсіресе елордада жұмыс істеуге ниетін білдірген шетелдік мамандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Бұл ретте жаңа университет біздің еліміздің жоғары білімінің негізгі флагманы болып табылады. Сіздер - оның бірегей әрі алғашқы командасысыздар. Сондықтан да, ғылым мен білім мұхитына енудегі университеттің жолы көбінесе сіздерге байланысты. Бұны осындай керемет университеттің студенттері алдындағы сіздердің жауапкершіліктеріңіз деп айтуға да болады», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар Президент университеттің әлеуетін арттыруға қолдау білдіргендерге де ризашылығын білдірді. «Атап айтқанда, ENRC, «Қазақмыс», «Қазкоммерцбанк» басшыларына алғыс айтамын», -деген Елбасы вице-премьер Өмірзақ Шөкеев пен Президент Іс басқармасының басшысы Болат Өтемұратовқа да ризашылығын танытты. «Менің ойымша, қолынан келетіндердің бәрі университетке көмек берулері қажет. Өйткені, біздің университет елдің дамуына зор үлес қосады, оның қайтарымы да сол. Бұл белгілі тәжірибе», - деді Президент.