Жаңа үйлердің іргетасын құйып жатыр - Қостанайдағы өрттен баспанасы жанып кеткен тұрғын
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы өрттен зардап шеккен жергілікті тұрғын қиын сәтте көмек берген қазақстандықтарға алғысын білдірді, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Аманқарағай аулының тұрғыны Аманжол Ахметовтың айтуынша, қазіргі таңда тілсіз жау салдарынан зардап тартқандарға арналған үйлердің іргетасы құйылып жатыр.
«Мен Аманқарағай аулындағы Суворов көшесінде тұрдым. Өрт кезінде көшеміз толық жанып кетті. Қазіргі таңда Қазақстанның әр аймағынан гуманитарлық көмек тиіп жатыр. Ал жанып кеткен үйлердің орнына жаңа үй салына бастады. Міне, іргетасын құйып жатыр. 2-3 айда салып береміз деді. Көмек ретінде миллион ақша түсті. Барлығына рахмет! Қазақстанның халқы мен Үкіметіне алғысымды білдіремін», - деді Аманқарағай ауылының тұрғыны.
Еске салайық, облыстағы алапат өрт кезінде 2 091 адам эвакуацияланып, 12 тұрғын түрлі жарақат алған. Мұнымен қоса, тілсіз жау салдарынан 1935 жылы туған бір адам көз жұмды.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың мәліметінше, Әулиекөл ауданындағы орманның басым бөлігі күлге айналған.
Қазіргі таңда зардап шеккендерге берілетін 91 үйдің құрылысы басталған. Ол үшін 2,3 млрд теңге қаражат бөлінді. Баспаналар Мақтааралдағы су тасқыны кезінде жүзеге асырылған жоба негізінде салынады.