Жаңа заң аясында парниктік газдарды шығару бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі
АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанада өткен «дөңгелек үстел» отырысында «Парниктік газдарды жою саласында мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасы таныстырылды.
Құжатты таныстырған ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Елдана Сәдуақасованың атап көрсеткеніндей, аталған заң жобасы парниктік газдарды шығару бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді, сондай-ақ экологиялық құқық бұзушылықтарды алдын алу тәжірибесін жетілдіруді көздейді.
«Парниктік газдарға арналған квоталарды бөлу және парниктік газдарды шығаруды қысқарту бойынша әкімшілік бақылау осы саладағы мемлекеттік реттеудің негізгі тетіктері болмақ. Көміртегін атмосфераға шығару көлемі Киотто хаттамасына сәйкес Ұлттық жоспарда бекітіледі. Ал заң бұзушылықтан бюджетке түскен қаржыға ескі технология ауыстырылып, баламалы энергия көздерін дамыту ұсынылып отыр. Қазіргі кезде атмосфераға парниктік газдарды шығаратын өндірістер үш топқа бөлінген. Олар - жылына 1-20 мың тонна парниктік газдар шығаратын нысандар. Олар квота алмайды. Бірақ жыл сайын белгіленген тәртіп бойынша ақы төлейтін болады», - дейді Е. Сәдуақасова.
Вице-министр атап көрсеткендей, ҚР Үкіметі Киото хаттамасына сәйкес, атмосфераға шығарылатын парниктік газдардың көлемін 2020 жылға қарай 15 пайызға, ал 2050 жылға дейін 25 пайызға төмендету жөнінде шешім қабылдады. Бұл еліміздің осы саладағы ұлттық саясатын әзірлеуге себепші болды.