Жаңа заң бірде-бір сайттың жабылуына себеп болған жоқ - депутат М. Әбенов
АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Биыл қаңтар айында Мемлекет басшысы қол қойған «Зияткерлік меншікті жетілдіру мәселелері жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң осы уақытқа дейін бірде-бір интернет сайттың жабылуына себеп болған жоқ.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов мәлім етті.
Оның хабарлауынша, бүгінде ғаламторда осы заңға қатысты таралып жатқан қауесеттер шындыққа жанаспайды. «Бұл заң интернет тұтынушыларға қандай да бір жауапкершілік жүктеп отырған жоқ. Ол ғаламторға заңсыз салынатын туындылар авторларының құқықтарын барынша қорғауды көздейді. Осылайша, біреудің туындысын интернетке заңсыз салғаны үшін ең алдымен ескерту жасалады. Ал ондай жағдай тағы да қайталанатын болса, тәртіп бұзушыға айыппұл салынады. Негізі қазіргі кезде саналуан ғылыми жаңалықтарды интернет арқылы заңсыз пайдалану оқиғалары көптеп кездеседі. Біз осы іспетті заң бұзушылықтардың алдын алуды көздейміз. Осы уақытқа дейін жаңа заң бірде-бір сайттың жабылуына себеп болған жоқ»,-дейді М. Әбенов.
Халық қалаулысы атап көрсеткендей, Парламент Мәжілісінің төртінші шақырылымының депутаты болған Нұрлан Өнербаев әндер мен музыкаларды ғаламторда заңсыз пайдалану мәселесін жиі көтерген болатын.