Жаңа заң шығарғанша, бар заңның тиімділігін арттыру қажет – депутат

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева жаңа заңдар қабылдаумен елдің бүкіл проблемасы шешілмейтінін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Дания Еспаева
Фото: parlam.kz

«Елдегі көптеген мәселелерді шешу дегеніміз жаңа заңдар қабылдау ғана емес. Сондай-ақ заңнамалық процесті ғылыми қамтамасыз етуді жетілдіру қажет. Соңғы жылдары ғылымға, заңнаманың стратегиялық дамуына жеткіліксіз көңіл бөлінуде. Зерттеушілер оны дамыту үшін толыққанды ғылыми негіз қалыптастырғаннан гөрі қолданыстағы құқықты сынға алады немесе оған түсініктеме береді, — деді Дания Еспаева «Азаматтық қоғам мен парламентшілердің заң шығару саласындағы ынтымақтастық форматтары туралы диалогі» атты дөңгелек үстел барысында.

Мәжіліс депутатының айтуынша, заң жобалардың қазақ тіліндегі мәтіндерінің сапасын арттыру қажет.

«Біздің заңдарымыз көбінесе саясаттағы, экономикадағы және қоғамдық өмірдегі жедел мәселелерді шешуге бағытталған. Бұл біздің қызметімізге сыни көзқарас туындатады және сенімсіздік тудырады. Жаңа заң шығарып қабылдаудың орнына қолданыстағы заңдардың тиімділігін арттыру қажет. Сондай-ақ заңның құқықтық түсіндіру жұмыстарын уақтылы жүргізу қажет. Кез келген құқықтық жаңашылдыққа бастамас бұрын мемлекет халықпен түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуі тиіс. Халық не үшін және қандай мақсатта өзгерістер енгізіліп, жаңа заңдар қабылданатынын білуі керек», — дейді ол.

Астанада «Азаматтық қоғам мен парламентшілердің заң шығару саласындағы ынтымақтастық форматтары туралы диалогы» атты дөңгелек үстел өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар