Жаңа заң жобасы: Жеке детективтерге қандай талаптар қойылады

Жаңа заң жобасы: Жеке детективтерге қандай талаптар қойылады
Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жеке детективтердің қызметі заңмен реттелмек. Осы орайда оларға қойылатын талаптар туралы Парламентаризм институтының сарапшысы Нұртай Иманғалиев айтып берді.

«Конституцияның 13 бабына сәйкес, әр адам өзінің құқығы мен бостандығын қорғау мақсатында заңға қайшы келмейтін әртүрлі тәсілді қолдануға құқығы бар. «Жеке детективтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасының мақсаты – осы қызметті заңмен реттеу. Жаңа заң аясында жеке детективтер мен олардың қызметіне қойылатын бірқатар талап, міндет пен шектеу бар. Атап айтсақ, жеке детектив пен оның көмекшісі міндетті түрде Қазақстанның азаматы болуы керек. Өзге елдің азаматтары детектив бола алмайды, сонымен қоса шетелдің детективтік агенттіктері елімізде филиалдарын ашып, қызмет етуге құқығы жоқ», - деді Нұртай Иманғалиев «AMANAT» партиясы қабырғасында өткен дөңгелек үстел барысында.

Оның айтуынша, жеке детективтердің қызметін реттейтін уәкілетті орган белгіленеді. Ол Ішкі істер министрлігі немесе Әділет министрлігі болуы мүмкін.

«Жеке детективтерге қойылатын талаптарға келсек, алдымен Қазақстан Республикасының азаматы, жасы 30-дан асқан, жоғары заң білімі бар болуы міндетті. Сонымен қатар құқық қорғау немесе арнайы органдарда тергеу не болмаса жедел қызметте 10 жыл өтілі бар болуы тиіс. Одан бөлек, сотты болмаған және денсаулығына қатысты талаптар бар», - дейді ол.

Сондай-ақ, спикер жеке детективтердің немен айналысатынын айтып берді.

«Іс-түзсіз жоғалған азаматтарды, дүние мүлікті іздеумен айналысуға құқылы. Сонымен қатар жаңа заң жобасында арнайы құралдардың көмегімен сырттай бақылау қарастырылған. Егер заңды талқылау барысында сырттай бақылау қоғамда дау тудырған жағдайда, сала сарапшылары мен мамандар кей баптарды қайта қарайды. Тағы бір айта кететін жайт, әзірленіп жатқан заң жобасында детективтік құпия мен жеке детективтердің этикасы қарастырылып жатыр. Мысалы, адамның жеке өміріне құл сұғуға болмайды», - дейді сарапшы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде жеке детективтердің қызметін реттеу мақсатында арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр.

Айта кетейік, бүгін Астанада ҚР Президенті іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты «AMANAT» партиясының қоғамдық саясат институтымен бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстандағы жеке детективтік қызметті заңнамалық реттеудің проблемалық мәселелері мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Аталған шараға Сенат және Мәжіліс депутаттары, Парламентаризм институтының ғалымдары мен сарапшылар қатысты.

Соңғы жаңалықтар