Жаңа заң жобасы бойынша ҚР Ақпарат және байланыс министрлігі телерадиохабар тарату қызметін лицензияламайды - Н. Оразов
Бұл туралы бүгін Астанада өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразов мәлім етті.
«ҚР Телерадиохабар тарату туралы» заң жобасын даярлау барысында телерадиохабар тарату қызметін лицензиялау аса қажетті рәсім деп табылған жоқ. Біз одан бас тарттық. Бұл өз кезегінде телеарнаның тіркелуін және дамуын тежейтін көптеген қажеті шамалы кедергілерді алып тастайды»,-дейді Н. Оразов. Оның айтуынша, мұндай жаңалық телерадиохабар таратушы операторларға да қатысты болмақ.
Дегенмен вице-министр, «министрлік телеарналарды тіркеуден өткізу, дәлірек айтқанда БАҚ ретіндегі есепке алу рәсімін енгізу мәселесін көтеріп жатқандығын» айтты. Себебі практикада телерадиоарналарға ешбір тіркеу жүргізілмейтін болса, олардың мәртебесі БАҚ ретінде айқындалмай қалады.
«Телерадиоарна бұқаралық ақпарат құралы болғандықтан, сонымен қатар заң жобасында, соның ішінде ЕҚЫҰ-ның ұсынысы бойынша, «телерадиоарнаға - БАҚ» анықтамасы берілген болатын. Олай болса, біз бұның алдында лицензиялау нормасынан бас тартсақ та, телерадиоарналарды тіркеуден өткізу жөніндегі ұсынысты алға тартамыз»,-деді Н. Оразов.
Н.Оразовтың атап өткеніндей, лицензиялауға қарағанда БАҚ-ын есепке алу рәсімі әлдеқайда жеңіл өтеді. Сонымен бірге телерадиокомпаниялар оған анағұрлым аз уақыт пен қаржы шығындайды.
«Енді жаңа заң қабылданар болса, БАҚ-ын есепке алу жұмыстары аса үлкен қиындық тудырмайтын болады. Оған уақыт көп талап етілмейді. Қажетті төленетін ақша сомасы да аз болады. Шамамен 6-7 мың теңге шамасында. Қажетті құжаттар тізімі көп сұратылмайды»,-деді Н. Оразов.