Жаңа заң жобасы шекарада орын алған шетін оқиғалардың қайталануына жол бермейді - ҰҚК Шекара қызметі
АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат -«Мемлекеттік шекара туралы» жаңа заң жобасы «Терісайырық» пен «Арқанкерген» шекара бекетінде орын алған келеңсіз оқиғалардың қайталануына жол бермейді.
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының міндетін уақытша атқарушы Тұрғанбек Стамбеков мәлім етті.
Т. Стамбековтың айтуынша, заң жобасында «Терісайырық» пен «Арқанкерген» шекара бекетінде орын алған оқиғалардың қайталануына жол бермейтіндей нормалар қарастырылған. Бұл ретте ҰҚК өкілі шекарада орын алған оқиғалар сарапталғанын алға тартады. «Осы бағытта заң жобасының 56-шы бабында азаматтарды әскер қатарына шақыруды жүргізу кезеңіне шақыру комиссиясының құрамына ұлттық қауіпсіздік комитетінің территориялық орган басшылары орынбасарларының арасынан комитет өкілі кіретін болады. Сонымен қатар, әкімшіліктердің әскери басқармаларға берген жиынтық мәліметтері негізінде мониторинг жасалып, шекара қызметіне алынатын үміткерлер іріктеледі. Шекара қызметіне лайықтыларды психофизиологиялық тексеруден өткізу нормалары қамтылды. Сол арқылы біз шекара қызметінің талаптарына сай келмейтін сарбаздардың осы қызметке өтіп кетуіне тосқауыл қоямыз», - деді Т. Стамбеков.