Жаңа заң жобасында адам саудасынан жәбірленушілерге тегін адвокаттық көмек қарастырылған
АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ішкі істер министрлігі еліміздің мемлекеттік органдарымен бірлесе адам саудасына тосқауыл қою бағытында ҚР-дың кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірледі.
Бұл туралы бүгін Астанада адам саудасымен күрес мәселелеріне арналған құқық қорғау органдары мен ҮЕҰ арасындағы ұлттық диалог барысында ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитеті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Омарбеков айтты.
«Биыл ІІМ Қазақстанның мемлекеттік органдарымен бірлесе «Адам саудасына тосқауыл қою бағытында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Онда бірқатар өзгерістер қарастырылған, оның ішінде қылмыстық қудалау және сотта істі қарау сатысында жәбірленушілердің құқын қорғау үшін адвокаттардың тегін заңгерлік мамандандырылған көмегін ұсыну шешімі қарастырылған»,-деп атап өтті ол.
Осы орайда Е. Омарбеков қазіргі кезде келісу шаралары аясында заң жобасы мемлекеттік органдардың қарауында жатқанын жеткізді.