Жаңа заң жобасында елге оралған қазақтардың шағын кәсіпкерлігін салықтан босату шарасы қарастырылса игі - Қ. Сәдуақасов
әуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жаңа заң жобасында елге оралған қазақтардың шағын кәсіпкерлігін салықтан босату шарасы қарастырылса игі.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстанның көші-қон заңнамасы: жетілдіру жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында депутат Қайрат Сәдуақасов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының жетекшісі Қайрат Сәдуақасовтың айтуынша, Отанына оралған этникалық қазақтарға мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктер жаңа заң жобасында барынша айқын көрініс табуы қажет. «Атап айтқанда, бұндай жеңілдіктердің қатарында салықтық жеңілдіктер де болуы шарт. Мәселен, оралман жұмысқа орналасқанда оның еңбекақысынан алынатын жеке табыс салығынан босатуды қарастырған жөн. Бұл жұмыс берушінің пайдасынан шешімін тапса, оларды ынталандыра түсетіні де сөзсіз», деді депутат.
Бұнымен қоса Қ. Сәдуақасов елге оралған қазақтардың шағын кәсіпкерлігін салықтан босату немесе оларға салынатын салық мөлшерін төмендету мәселесін қарастыру қажеттігін де атап өтті. Оның пайымдауынша, көшіп келуші оралмандар үшін қарастырылатын бұндай жеңілдіктер үш жыл мерзімге белгіленсе құба-құп болар еді. Өйткені, аталмыш жеңілдіктер қандастарымыздың біздің қоғамға шапшаң бейімделуіне, жеке кәсібін қалыптастыруына үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.