Жаңа Зеландияда өзен арнасы 9 метрге көтеріліп, төтенше жағдай жарияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа Зеландияда толассыз нөсердің соңы тасқынға ұласты. Табиғи апатқа байланысты бірқатар аймақтарда төтенше жағдай жарияланған. Осы өңір арқылы өтетін Уонгануи өзенінің арнасы 9 метрге дейін көтеріліп тасыған, деп жазады khabar.kz.
Жергілікті азаматтық қорғаныс қызметі өкілдерінің мәлімдеуінше, аймақтағы жүздеген үйді су шайып, тұрғындар қауіпсіз жаққа көшірілді. Жалпы биыл мөлшерінен тыс жаңбыр әлемнің ондаған елдерінде су тасқыны мен лай көшкінінің жүруіне алып келді.
АҚШ, Сербия, Қытай, Қырым, Бразилия, Австралия, Қырғызстан, Қазақстан, Польша, Грузия, Ресей, Непал елдерінде толассыз жауын-шашынның салдары халықты әбігерге салды.
Еске сала кетейік, көктем мезгілінде еріген қардан өзен арнасы тасып, еліміздің 5 облысы су тасқынынан зардап шеккен болатын. Ал жаз мезгілі шыққалы бері Астана, Алматы, Петропавл өңірінде де мөлшерінен тыс жауған жаңбырдан қала ішін көлкіген суға басты. Ал 9 маусымда Алматыда болған дауылдың соңы нөсерлі жаңбырға ұласып, салдарынан 3 автокөліктің үстіне тал құлап, электр желілері істен шыққан болатын. Желдің күші секундына 18 метрге жеткен. Тұрғын үйлердің шатыры ұшып, аулада тұрған көліктердің үстіне түскен еді. Сондай-ақ су деңгейінің көтерілуінен Медеуден Шымбұлаққа барар жолдың жиегінде ені 4 метрдей лай көшкіні жүрген.
Айта кетейік, кеше мөлшерінен тыс жауған жаңбыр көрші Ресей астанасы Мәскеуді де әбігерге салды. Бір күннің ішінде түскен жауын-шашын мөлшері тіпті рекордтық көрсеткішке жеткен. Ресей астанасының ауа райын болжау бюросының мәліметі бойынша, бұл 82 жылдан бері болмаған жағдай. Түскен жауын-шашын мөлшері 31 миллиметрге жетті. Ал 1933-ші жылы ылғалдың көлемі 23 миллиметр шамасында болған екен.