Жаңа Зеландияда темекі контрабандасы үшін 7 жылға сотталады

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Зеландия үкіметі темекі өнімдерін заңсыз тасымалдау мен сатуға қатысты жазаны күшейтуді көздейтін заң жобасын мақұлдады.

Семилетний срок введут в Новой Зеландии за контрабанду табака
Фото: Tobacco Reporter

Жаңа Зеландияның Денсаулық сақтау министрі Кэйси Костеллоның мәлімдеуінше, заңсыз темекі саудасы ұйымдасқан қылмыспен тығыз байланысты. Бұл көлеңкелі нарық заңды кәсіпке залал келтіріп қана қоймай, мемлекет қазынасына түсетін салық түсімдерін де азайтады.

Министрдің сөзінше, қолданыстағы заңнама құқық қорғау органдарының заңсыз саудаға қарсы күресіне жеткілікті мүмкіндік бермейді.

Темекі өнімдерінің қаптамасына қойылатын талаптарды бұзғаны үшін 2 мың Жаңа Зеландия доллары (шамамен 500 мың теңге) көлемінде айыппұл енгізу ұсынылып отыр. Өндірушілер, импорттаушылар мен дистрибьюторлар үшін айыппұлдың ең жоғары мөлшері 200 мың долларға (шамамен 5 млн теңге) дейін жетуі мүмкін. Ал қаптама талаптарын қасақана бұзғаны үшін қазіргі 50 мың доллардың орнына 100 мың доллар көлемінде айыппұл салу көзделген.

Сонымен қатар кеден және акциздік заңнамаға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы темекі контрабандасы және темекі өнімдеріне салынатын арнайы салықты төлеуден жалтарғаны үшін бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзімін алты айдан жеті жылға дейін ұзартуды ұсынады.

Жаңа айыппұлдар мен құқық бұзушылықтарға қатысты талаптар заңнамаға тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін күшіне енеді.

Костеллоның айтуынша, өзгерістер темекінің заңсыз айналымына қарсы күресте Денсаулық сақтау министрлігі, Кеден қызметі мен полицияның бірлескен жұмысын күшейтеді.

Бұған дейін Қазақстанда темекі шегетіндердің үлесі 15 пайызға дейін төмендегені хабарланған болатын.