Жаңа Зеландиядағы «Габриэль» циклоны: Миллиардтаған шығын, мыңдаған адам тағдыры беймәлім
АСТАНА. ҚазАқпарат – 14 ақпанда Жаңа Зеландияда жер сілкінісі орын алып, арты «Габриэль» циклонына ұласты. 21 ғасырда аталған елдегі бірнеше адамның өмірін қиып, ғимараттардың қирауына алып келген төтенше ауа райы құбылысы жайында ҚазАқпарат материалынан оқыңыздар.
2 мыңнан астам адам тағдыры беймәлім
АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) мен Еуропалық Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) мәліметінше, 14 ақпан күні Жаңа Зеландия жағалауында магнитудасы 5,7 балдық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері Жаңа Зеландияның Солтүстік және Оңтүстік аралдарын бөліп тұрған Кук бұғазының суларында тіркелді. Зілзала ошағы Веллингтон аймағындағы Лоуэр Хатт қаласынан солтүстік-батысқа қарай 79 шақырым жерде, 74 шақырым тереңдікте болған. Ал Жаңа Зеландияның Geonet қызметі жер сілкінісінің магнитудасын 6,1 деп бағалап отыр.

«Габриэль» циклоны 6 ақпан күні Коралл теңізінде қалыптасып, Норфолк аралынан жүріп өтіп, екінші санаттағы тропикалық циклонға айналды әрі Жаңа Зеландия жағалауына жеткен кезде де қуатын сақтап қалған еді. Жел екпінін сағатына 165 шақырымдық жылдамдыққа дейін үдетіп, мұхитта биіктігі 10 метрге жететін толқын тудырған циклонға Жаңа Зеландия билігі екі күннен кейін «Габриэль» деген атау берген болатын.
Ал 14 ақпан күні Жаңа Зеландияда бір тәуліктің ішінде шамамен 350 мм жауын-шашын түсіп, Үкімет елдің солтүстігінде орналасқан 6 өңірде төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды.
Айта кетерлігі, тұрғын саны 5 млн-нан сәл ғана асатын мемлекет тарихында бұған дейін тек екі рет төтенше жағдай жарияланған-ды. Оның бірі 2019 жылы Крайстчерчедегі жер сілкінісінен кейін, екіншісі 2020 жылы әлемді шарпыған коронавирус індеті басталған кезде жарияланғаны есте.

«Габриэль» циклоны – бұл осы ғасырда Жаңа Зеландия бетпе-бет келген ең ауқымды ауа райы құбылысы. Қазіргі уақытта біз көріп отырған қатерлі әрі ауқымды залал бір буынның өмір жолында кездесіп көрген емес», - деді Жаңа Зеландияның Премьер-Министрі Кристофер Хипкинс.
Жексенбі, 19 ақпанда табиғи апат салдарынан 11 адамның мерт болғаны анықталды. Дегенмен, ел билігі қаза тапқандардың саны мұнан да арта түсетіндігін жасырып отырған жоқ. Жергілікті полиция қызметкерлері де туған-туыстары байланысқа шыға алмай отырған 2 мыңнан астам зардап шегушінің тағдыры не болғанын анықтауға тырысып бағуда.
«Полиция қалған адамдарды табу үшін бар күш-жігерлерін жұмсап жатыр», - деген еді 2023 жылдың қаңтар айының соңында ғана ел Үкіметінің басшысы орынтағына отырған Премьер-Министр.
Айта кетерлігі, демалыс күні сүңгуірлер мерт болғандардың мәйітін іздеу үшін өзен сағаларын сүзу жұмысына кірісіп кетті.

12 ел Жаңа Зеландияға көмек қолын ұсынды
Жаңа Зеландияға қуатты дауылдан кейін өзге мемлекеттер тарапынан халықаралық көмек ұсынғандардың қатары мол. Мәселен, Австралия қазірдің өзінде дауылдан келген шығынды анықтау үшін 27 адамнан тұратын арнаулы тобын жіберді. Бұған қоса, австралиялық әскерилер «Геркулес» деп аталатын С-130 әскери-көлік ұшағының көмегін ұсынып, материалдық-техникалық қамтамасыз ету тобын және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қызметкерлерін жіберуге дайын екендігін білдіруде.
Жалпы, Австралия мен Америка Құрама Штаттары зардар шеккен аудандардың спутниктен түсірілген суреттерін ұсынып отыр. Жаңа Зеландияға аралдағы Фиджи мемлекеті де 18 адамнан жасақталған құтқарушыларын жөнелткен.

Елдің Премьер-Министрі Кристофер Хипкинс әлемнің 12 мемлекетінен көмек көрсетуге қатысты ұсыныс алғанын мәлімдеген болатын. Дегенмен, жаңазеландиялықтар халықаралық көмек алу мәселесінде іріктеу жүргізетіндігі белгілі болып қалды.
«Шұғыл қажеттілік болған жерге әрі халықаралық көмектен соған сай ұсыныс болған жағдайда не болмаса көмек алу үшін жалпы ұсыныстардың бірін пайдалана алатындығымыз белгілі болса, онда біз оны міндетті түрде қабылдаймыз», - деді Жаңа Зеландия Министрлер кабинетінің басшысы.
Апат аймағы тоналып жатыр
Апат 62 мың үйді электр энергиясынан айырып, су тасқынына және көптеген лай көшкінінің жүруіне түрткі болды. Жолдардың шайылып кетуіне байланысты құтқарушылар мен медицина қызметкерлері елдің бірқатар зардап шеккен ауданына жете алмай отыр. Демалыс күндері тікұшақпен елдің ең зардап шеккен аудандарындағы адамдарға азық-түлік, су және бірінші кезекте қажетті заттар әуеден тасталды.

Кейбір апат орын алған жерлерде тонау орын алғаны жайлы да деректер бар. Қазірдің өзінде полиция қызметкерлері тонау күдігімен 50-ден астам адамды тұқынға алғаны белгілі. Бірқатар аудан тұрғындары тосқауылдар жасап, мүліктерінің тоналуына жол бермеу үшін түнгі кезекшілікке де шығып жүр.
Қылмыскерлер бағалы заттармен қатар мобильді операторлар мұнарасындағы генераторларды ұрлап жатқаны анықталып отыр. Соның салдарынан «Габриэль» циклонынан зардап шеккен аудандарда ұялы байланыс болмай тұр.
Табиғи апат шығыны 10 млрд долларға жетуі мүмкін
Орташа бағалағанның өзінде табиғи апат салдарынан келген шығын мөлшері 10 млрд долларға пара-пар болуы мүмкін. Бұл 2011 жылы Крайстчерчдегі жер сілкінісі салдарын жоюмен байланысты жұмсалған шығымен бірдей.
Жұмылғанға жұдырық демекші, елде жеміс-жидек пен көкөніс тапшылығы да орын алуы ықтимал. Өйткені, елдің солтүстігіндегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер табиғи апат салдарынан қатты зардап шегіп отыр. Тек Нортлендтің өзінде ғана батат алқабының 50 пайызы жарамсыз болып қалған.

Әлемге танымал жаңазеландиялық шараптың негізгі өндірушісі саналатын Хокс-Бей өлкесінде жүзім алқабының шамамен 30 пайызы бүлінген. Сонымен қатар алма бағының да 30 пайызға жуығы биіктігі 1 метрге жететін лай астында қалып отыр.
Жақын арада Жаңа Зеландия Үкіметінің алдында шешілуі тиіс күрделі міндет тұр. Ол – ел экономикасын қалпына келтіруге бөлінген мемлекеттің қомақты қаражатын дұрыс жұмсау. Өйтпеген жағдайда, соңғы 30 жылға жуық уақытта жылдық мәнде 7,2 пайызға жетіп отырған инфляция мөлшері мұнан ары да жеделдеп кетуі ықтимал.










Фото:magspace.ru