Жаңа Жібек Жолының жүрегі

АСТАНА. 7 қараша. ҚазАқпарат - Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан Қазақстан Қытай, Еуропа, Ресей, ТМД елдерінің рыноктарын өзара байланыстырып, Орталық Азия мен Парсы шығанағы елдеріне көлік бағыттарын қамтамасыз етеді. Бұл инвесторлар үшін тиімді, оларға өндіріс пен тұтынушылар арасында байланыстың орнайтынына кепілдік береді. Қазақстан арқылы «Солтүстік-Оңтүстік», «Батыс-Шығыс», «Оңтүстік-Шығыс Азия - Орталық Азиялық аймақ» ірі трансконтиненталдық маршруттар өтіп жатыр.
None
None

2020 жылға дейін Қазақстанмен шекаралас мемлекеттердің сауда операциялар көлемі 1,5 есеге ұлғайып, 1 триллион долларға жетеді деп күтілуде. Қытай экономикасының өсіміне байланысты 2020 жылы ҚХР мен Еуропа арасындағы сыртқы сауданың жылдық көлемі 800 миллиард долларды құрайды.

Елбасы жоспарларын орындау нәтижесінде 2020 жылы Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалының көлемі 2 есеге жуық өсіп, бұл көрсеткіш кемінде 50 миллион тоннаға жетеді.

«Жаңа Жібек Жолы» жобасының бәсекелестік басымдығы жылдамдық, сервис, баға, сақтау сенімділігі және тұрақтылық қағидаттарына негізделеді. Олардың аумақтық және қызметтік өзара үйлесімділігі нәтижесінде синергиялық эффект пайда болуы тиіс. Дәл осы факт Дубай немесе Сингапур үлгісімен «Жаңа Жібек Жолының» басты бәсекелестік басымдығының қайнар көзі болуы қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Астана қаласының географиялық орналасуы, еліміздің өңірлері мен көршілес мемлекеттерді автомобиль және темір жолдар желісімен байланыстыратын ірі көліктік торап ретіндегі қаланың қалыптасуы оның аумақтық дамуының бәсекелесітк басымдықтарын құрайды.

Осы қасиеттердің тоғысуы Астанаға шектесіп жатқан облыстардың экономикалық белсенділігін өзінде шоғырландыратын болашақта көшбасшы қала атанып, еліміздің қалған аумақтары үшін локомотив болуына мүмкіндік береді.

Старт-ап алаңы

Бүгінде Астана еліміздің барлық қалаларына даму үлгісін көрсетіп отыр. Елордамызда ең алғаш болып «ақылды қала» элементтері енгізіле бастады, Қазақстанның жаңа өнеркәсібі де осынан бастау алады.

Елорда инвесторларға болашақ қаласын бірге салу үшін барлық мүмкіндік қарастырып отыр. Жеке бизнеске берілген жалпыреспубликалық преференциялардан өзге, Астана тиімді инвестиция тартуды қамтамасыз етуге арналған қолайлы жағдай туғызуда.

Атап айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Астана - Жаңа қала» Арнайы экономикалық аймағы (АЭА) инвестиция тарту жөніндегі мәселелерді шешеді.

Мұнда жеңілдікті құқықтық тәртіп жұмыс істейді. Инвесторлар корпоративтік табыс салығын, мүлік салығын, жер учаскелерінің иелері үшін жер салығын төлеуден және жалға алынған жер учаскелерін пайдалану үшін төлем төлеуден 10 жылға дейін босатылған. Сондай-ақ, «Астана - Жаңа қала» АЭА жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында нысандардың құрылысы кезінде қолданылатын тауарды жеткізушілерге ҚҚС қайтарылады.

Өнеркәсіп жобалары Индустриалдық парк аумағында іске асырылады. Бүгінгі күні инвестициялар көлемі 170 млрд. теңге болатын барлығы 46 жоба жүзеге асырылған және жүзеге асырылуы жоспарлануда, олардың ішінде 11 кәсіпорын іске қосылған, олардың арасында: «General Electric» локомотив шығару зауыты, «Тальго» жолаушылар вагондарын шығару, «Alstom» электровоздарын шығару, «Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг» ЖШС тікұшақтарын өндіру жобалары бар.

Сондай-ақ, АЭА аумағы еркін кедендік аймақ тәртібі жұмыс істейтін алаң ретінде қарастырылады. Осылайша, инвесторлар тауарларды, материалдарды және жабдықтарды импорттау кезінде кеден салығын төлеуден босатылады.

Қала әкімдігі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағытына үлкен мән беріп отыр. Қазіргі таңда елорданың коммуналдық жағдайын жақсартуға бағытталған бірнеше жоба жасалып жатыр. Оларға жақын уақытта бюджеттік емес қаражат тартылатын болады. Олардың арасында жаңа екі автовокзал құрылысы жобасы бар. Бұл жоба қаладан шығу ыңғайлылығын арттырып, елорда жолдарындағы жүктемені азайтуы тиіс. Елорда көшелеріндегі жүктемені азайту тұрғысынан жедел автобус қатынастарын құру жобасы үлкен қызығушылық тудырады. Автобустар арнайы жолақпен жүретін болады, бұл өз кезегінде жолға кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асырған жағдайда күніне тасымалданатын жолаушылар саны 370 мыңға жетеді деп жоспарлануда. Тағы бір жаңалық - қолжетімділікті бақылаудың және қызметке ақы төлеудің автоматтандырылған жүйесімен жабдықталған жаңа 10 автопаркинг құрылысы. Қала халқының ұдайы өсуіне байланысты (соның ішінде табиғи өсімнің есебінен де) мектепке дейінгі жеті мекеме салу жоспарланған. Осы жобаларға жеке секторды қатыстыру арқылы саладағы бәсекелестік пен қызмет көрсету сапасын арттыру көзделуде. Теміржол кентінде дәрігерлік амбулатория құрылысы жобасы өзекті болып отыр.

Аталмыш жобаларды мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша инвесторлар тарту арқылы жүзеге асыру 64 млрд. теңге көлемінде жергілікті бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік схемасы бойынша іске асырылатын жобалар жөнінде инвесторларды ақпараттандыру туралы белсенді жұмыс жүргізілуде. Бұл бағытта жетістіктер де жоқ емес. Францияның Vinci компаниясы қаланың сол жағалауында үш паркинг құрылысына қызығушылық білдіруде.

Қазақстандағы бизнес жүргізуге жасалған қолайлы жағдайлар жыл сайын жаңа инвесторлар санын көбейтіп отырары сөзсіз. Соның ішінде шикізаттық емес салалардағы жаңа бастамалардың көпшілігі Астанада басталғаны қуантады.

Соңғы жаңалықтар