Жаңа жыл қарсаңында үш мегаполис арасында қосымша Тальго пойыздары қатынайды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана, Алматы және Шымкент қалалары арасында қосымша Тальго пойыздары қатынайды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Осы жылдың желтоқсан айынан бастап жолаушылар арасында сұранысы жоғары бағыттар бойынша № 101/102 «Астана-Алматы» және № 111/112 «Астана-Шымкент» қосымша Тальго пойыздары қатынайды. Бұл бағыттар пойыздардың «пакеттік» қозғалыс кестесі аясында ұйымдастырылған.
Қосымша пойыздарға билеттерді жөнелтуге 45 күн қалғанда bilet.railways.kz сайтынан немесе вокзалдардағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларынан сатып алуға болады. Өткен жылы «пакеттік» кесте негізінде Астана-Шу-Астана учаскесі бойынша 4 пойыз іске қосылған болатын.
Бұл әдіс рейстердің тиімділігін едәуір арттырып, жолаушыларға қызмет көрсетудің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Пойыздардың «пакеттік» қозғалыс кестесі «DB E& C» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Интермодальды тасымалдар — ХАБ жүйесі» жобасы шеңберінде енгізілуде.
«Біз «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бірлесіп, маршруттық желіні оңтайландыруға арналған инновациялық шешімдер әзірлеудеміз. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартып, Қазақстанның ірі қалалары арасындағы қозғалыс жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті «DB E& C» компаниясының интермодальды тасымалдар бойынша бас директоры Николайс Сидоровс.
Сондай-ақ, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау қағидаттарын ескере отырып, ХАБ орталықтарындағы қала маңы және аралас көлік түрлерінің дамуы аясында жаңа теміржол маршруттық желісін құру мүмкіндігі қарастырылады.
Еске салсақ, бұған дейін Республика күні қарсаңында қосымша пойыздар қатынайтыны айтылған еді.