Жаңа жылдық мереке күндері қалай дұрыс тамақтану керек — дәрігер кеңесі

Алматы қалалық N36 қалалық емхананың дәрігері Айдана Байсейітова Жаңа жыл мерекесінде дұрыс тамақтанудың маңыздылығы жайында Kazinform тілшісіне айтып берді. 

жаңа жыл
Фото: Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Дәрігер ең алдымен дұрыс тамақтанудың қағидаларын есте ұстау керек екенін атап өтті. Яғни, тәтті әрі майлы тағамдарды тұтынуды шектеген дұрыс, жеңіл сіңетін ақуыз өніміне (құс еті, майдың төмен пайызы бар сүт өнімі) басымдық берген дұрыс дейді. 

Айдана Байсейітова сондай-ақ балық, ет тағамдарын көкөніспен, салатты өсімдік майы немесе лимон шырыны қосылған дәмдеуіштермен араластыруды ұсынды. 

«Күрделі көмірсу, май мен ақуызды араластырмауға тырысыңыз. Мысалы, етті шөп және көкөніспен жеген дұрыс, ал картопты кейінге қалдырған жөн. Түрлі торт, кекс және пирожныйды мәзірге қоспаңыз. Себебі, олардың құрамында қант пен май көп. Оларда жоғары калория болады. Оған қарағанда бисквит пен қатпарлы өнімдердің зияны аз әрі мерекелік дастарқанға көбірек үйлеседі», - дейді дәрігер. 

Аталған маман әсіресе асқазан-ішек жолдарының созылмалы ауруы бар адамдарға денсаулығына ерекше мән бергені жөн екенін айтты. Бұл ретте мерекелік дастарқан өт қабына да әсер етуі мүмкін. Мысалы, холестеринге бай тағамды тұтыну өт қабының дұрыс жұмыс істемеуіне әкеледі. Тамақты қорытуға қажетті өт тұрып қалған жағдайда, өт қабының түбіне кристалдар жиналып, тастар пайда болады. 

«Сүйікті мәзіріңізде зиянды ингредиенттер болса, оларды пайдалы тағамға ауыстырған дұрыс. Мәселен, сары майды зәйтүн майына, қантты балға немесе табиғи тәтті дәмдеуішпен алмастырыңыз. Бұл қажетсіз калорияны азайтуға және тамақтың тағамдық құндылығын арттыруға көмектеседі. Сондай-ақ тағамның дайындалуына назар аударыңыз. Дұрыс пісіру әдісін таңдасаңыз, мерекелік тағам денсаулық үшін пайдалы да болады. Қуыруға қарағанда, пісіруге артықшылық беріңіз. Осылайша сіз май мен калорияны көп қоспай-ақ көп қоректік затты сақтай аласыз», - дейді Айдана Байсейітова.

Сөз соңында ол дене белсенділігі мен үнемі су ішіп жүрудің маңыздылығын айтты. 

«Су денеңізді ылғалдандыруға және оны жақсы күйде ұстауға, ал дене белсенділігі заттардың алмасуын арттыруға және қосымша калориядан арылтуға көмектеседі», - деп атап өтті Алматы қалалық N36 қалалық емхананың дәрігері А. Байсейітова.