Жаңа жобада көші-қонның түрлері, формасы заң жүзінде айқындалатын болады

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде көші-қон саласындағы заңнамалардың халықаралық тәжірибесіне арналған семинар барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жауапты хатшының айтуынша, қазіргі күні Қазақстанда шетелдік жұмыс күшіне жалпы квота белгіленіп келсе, әлемдік тәжірибеде жалпы квотамен қоса салалық, елдік және басқа да квота түрлері қолданылады. Осыған орай, Мәжіліске ұсынылатын жаңа заң жобасында иммигранттардың елге келу мақсаттары жіктеліп, оның бірнеше түрлері нақты көрсетілетін болады. Мәселен, ол түрлерге білім алу, еңбек ету, отбасын құру, тарихи отанына оралу, азаматтық алу мақсаттарын жүзеге асыру және гуманитарлық, саяси себептермен келетіндігі айқындалады. Ал жоғары білікті мамандарды тарту және бекітулер, сондай-ақ оқу мақсатындағы иммиграцияда орта мектептерде оқитындар, студенттер мен оқушылар және тәжірибеден өтушілер секілді санаттар бойынша жіктеледі.
Сонымен бірге, еңбек көші-қонына қатысушыларды шетелдік жұмысшылар, маусымдық шетелдік жұмысшылар және бизнес- иммигранттар деп бөлу қарастырылуда. Бұл жерде шетелдік мамандар мен маусымдық жұмысшылар елімізге Үкімет бекіткен квоталармен ғана келетін болады.
«Экономикадағы құрылымдық өзгерістер, жергілікті білікті маман тапшылығы жағдайында оның инновациялық жаңғыруы Қазақстанға шетелдік жұмыс күшінің ағылуына әкеп соқты. Мәселен, дағдарысқа дейінгі кезеңде Қазақстан экономикасына жыл сайын 100 шақты елден келетін 25 мыңнан 59 мыңға дейін шетелдік мамандар тартылған», деді Т. Дүйсенова.