«Жаңа жобаларға талап күшейетін болды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 2 ақпан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жаңа жобаларға талап күшейетін болды» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Заңнама жобасы өндіріске алынды» деген тақырыппен мақала жариялады. Онда кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында қозғалған мәселелер баяндалған. «Жалпы отырыста кейбір консти­туция­лық заңдарға енгізілетін түзетулерді қарау туралы мәселе тал­қыға түсті. Нақтылап айтқанда, Заңнама және сот-құқықтық ре­форма комитетіне «Қазақстан Республикасының кейбір конс­ти­туциялық заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы бойынша, қорытынды әзірлеу жүктелді. Мәсе­лені қарастыру бары­сын­да заң жобасымен «Қазақстан Рес­пуб­ли­касындағы сайлау тура­лы» және «Қазақстан Респуб­ли­касы Пре­зиденті туралы» заң­дарға өзге­ріс­тер енгізу көзде­ле­тіні белгілі бол­ды. Аталған заң­дық құ­жатты өн­ді­ріске алу жөніндегі қысқаша баяндаманы Заңнама және сот-құқықтық реформа ко­ми­тетінің төрағасы Рахмет Мұқа­шев жа­са­ды. Комитет басшысы таныс­тыр­ған заңдық құжатты Елбасы өзі­нің Қазақстан халқына үндеуінде Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді Парламент қа­рауы­на ұсынатындығын айтқан бо­латын. Міне, осы жәйтті назар­ға алған болуы керек, депутаттар заң жобасын өндірістік айналымға алуға өз келісімдерін берді», - делінген мақалада.

Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында «Жомарттықты, ізгілікті дәлелдейтін кез келді» деген тақырыппен мақала басылды. Мақалаға Білім және ғылым министрлігінде өткен «Әрбір балаға - отбасының бақыты» атты баспасөз мәслихатында айтылған дүниелер арқау болған. Аталмыш жүздесуде Президент жанындағы Әйелдер ісі, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығының бас сарапшысы Гауһар Нұрахметова әлеуметтік жетімдіктің профилактикасы, отбасыны нығайту, қоғамдағы кері үдерістерді оң шешудің жолдары айрықша маңызға ие болып, үгіт-насихат жұмыстарына кеңінен көңіл бөлініп жатқанын атап көрсеткен. Оның сөзіне қарағанда, 2011 жылдың 14 қаңтарында Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуды насихаттауға бағытталған үгіт-насихат жұмыстарының осы жылға арналған жоспарын бекіткен.

***

«Жаңа жобаларға талап күшейетін болды». «Айқын» газетінің бүгінгі санында осындай тақырыппен берілген мақалаға еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алқа мәжілісінде көтерілген мәселелер арқау болған. «Ә.Исекешев өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары барысында 5 жылдық индустриялы бағдарламаға тағы да 224 жаңа жоба қосылғанын атап өтті. Қазіргі таңда бұл жобалар қаралуда. Ақпан айында тағы да бірқатар жаңа жобалар түседі деп жоспарлануда. Содан кейін, яғни наурыз айының соңында Индустрияландыру картасы Үкіметтің қарауына енгізілмек. Бірақ Әсет Исекешев биыл Индустрияландыру картасына енгізілетін жобаларға қойылатын тәртіптің күшейетінін жеткізді. Өйткені өткен жылы әкімдердің бастамасымен ұсынылған бірқатар жобаларды іске қосу уақыты кешеуілдеп кеткен. «Басты себеп, қаржы жетіспеушілігі десек те, жобаға сараптаманың сапасыз жүргізілгені, жобаны жасау деңгейінің өте төмен болғандығы да анықталып отыр», - дейді министр. Енді министрлік осы олқылықтарды ескере келе Индустрияландыру картасына қойылатын талапты күшейтпек», - делінген мақалада.

Сондай-ақ аталмыш басылым «Келімсектердің қылмысы азаймай тұр» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Атырау аймағына жылына кем дегенде елу мыңға жуық шетелдік келіп тіркеледі екен. Олардың көпшілігін ТМД елдерінің азаматтары құрайды. Елімізге имене келіп, уақыт өте жерімізге шырт түкіріп жүрген шетелдіктердің облыстағы қылмыс түрін көбейтіп жатқаны құқық қорғау органдарын алаңдатып отыр. Атырау облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры Салтанат Ниязова мәлім еткен деректерге сүйенсек, өткен жылы облыста шетел азаматтарына қатысты 82 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда қырық пайызға артық. Сондай-ақ 857 шетелдік сот шешімімен ел аумағынан шығарылған.», - делінген мақалада. Мақаланың толық нұсқасымен танысу үшін «йқынның» бүгінгі нөміріне көз жүгіртіңіз.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Еуропаға жылқының құрғат сүтін экспорттаймыз» деген тақырыппен мақала жариялап, ақжолтай жаңалық жеткізііп отыр. Басылымның жазуынша, бұл туралы кеше Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алқа мәжілісінде мәлім болған. Жақында Инжиниринг және технология трансферті орталығы отандық шаруа қожалықтарының бірімен тізе қоса отырып, жылқының сүтін кептіру арқылы арнайы ұнтақ алатын жоба жасаған. Құрғақ сүтті сумен араластыру арқылы жылқының саумалын іше аласыз. «Алғаш рет осындай ұнтақ алдық, енді оны еуропада сертификаттау сынағына өткізгелі жатырмыз. Бұл елімізде жаңадан басталып жатқан, экспорттық әлеуеті бар тың жоба болғалы отыр. Жаңа бренд құрылатын болады», -деп атап көрсеткен Инжиниринг және технология трансферті орталығы директорының орынбасары Мұхтар Мәңкеев.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, әлемдегі көмір қорының 4 пайызын құрайтын елімізде бір қарағанда көмір жөнінен мәселе туындамауға тиіс секілді көрінетіні рас. Алайда көмірді өз жерімізде өндірсек те оның бағасын ырықтай алмай келеміз. Әр өңірдің өз бағасы бар. Атырауда - бір баға, Алтайда - бір баға. Еліміздің кеніштерінен шығарылатын «қара алтын» тоннасының бастапқы бағасы шамамен алғанда 1200-1500 теңгені құрайды екен. Алайда ақыр соңында жол құны бар, алыпсатарыңыз бар, басқасы бар - бәрі қосыла келгенде көмір тоннасының бағасы 10-11 мың теңгеге дейін шарықтайды. Бұл - өзіміздегі баға, ел ішіндегі. Ал шетелге саудаға шығарылатын отандық көмірдің құны тоннасына шаққанда 15-20 долларға шығады екен. Ресми ақпарат осылай дейді. Сонда өзіміздің «қара алтынымыз» өзімізге қымбат, шетелге арзан бағаға сатылады екен. Мақала «Кенішті өңірдің реніші көп» деген тақырыппен беріліп отыр.

***

«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында «Механизм открытого управления государством» атты мақала жариялады. Онда еліміздің жоғары заң шығарушы органы Парламенттің қалыптасу тарихына жан-жақты шолу жасалған.