Жаңа жол ауылының тұрғындары қар басқан жолды қолмен аршып жатыр - Ақмола облысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Бурабай ауданы Жаңажол ауылы «Астана-Көкшетау» тас жолының бойында орналасқан елді мекен. Алайда ауылдан күре жолға дейінгі 7 шақырым қашықтықты жүріп өту қыстың бұрқасынды күндері қиямет-қайымға айналады. Бұл туралы редакциямызға хабарласқан ауыл тұрғыны Серік Адалбекұлы хабарлайды.

 Жаңа жол ауылының тұрғындары қар басқан жолды қолмен аршып жатыр - Ақмола облысы

Дәл осы сәттерде ауыл тұрғындары жиылып, қар басқан жолды күрекпен тазалап, шұғыл жолға шығуға мәжбүр болған көлікке жол ашып беруде. Олардың ақ түтек боранда қар күреп жүргендеріне бірнеше сағаттың жүзі болған. Алайда қалың түскен қарды аршу әлі де біраз уақыт қажет ететін секілді.

«Әкімдер, басқа да билік өкілдері бұл жағдайдан хабардар. Бірақ 3 күннен бері жолды аршуға ешбір техника келген жоқ. Амалсыз, 7 шақырым жолды қолмен аршуға кірістік», - дейді Серік.

Ауыл тұрғындары осыған жауапты органдардан шұғыл арада жолды ашып беруін сұрап отыр. Себебі бұл үлкен жолға шығатын жалғыз жол болғандықтан ауыл адамдары қар құрсауында қамалып отыр.