Жаңа жоспар: Алматыда электр желілері жер астымен жүргізіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі «Электр желілерін дамыту жоспары» әзірленді. Бұл туралы Алматы қаласы мәслихатының кезекті сессиясында энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Серікбай мәлімдеді.

электр желілері
Фото: Алматы әкімдігі

Айтуынша, құжат электр сапасын жақсартуға және қаланың энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Электр желілерін дамыту жоспары энергетикалық инфрақұрылым нысандарын жаңғырту және салу бағдарламасын қамтиды, ол 2030 жылға дейінгі кезеңді, ал болашақта 2040 жылға дейінгі даму перспективасын көздейді. Құжатты әзірлеу барысында қаланың энергия жүйесінің даму болжамы жасалды, бұл алдағы онжылдықта қажетті ресурстарды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Алматының энергетика саласын талдау шұғыл шешімді қажет ететін өзекті мәселелер мен ерекшеліктерді анықтады. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай мегаполистің тұтыну қуаты 468 МВт-қа (48%-ға) өсіп, 1450 МВт-ға жетеді деп күтілуде.

«Аталған деректерді ескере отырып, жоспарда негізгі міндеттер қарастырылған: жаңа қосалқы станцияларды салу, электр желілерін қайта құру және жаңғырту, әуе желілерін кабельдік желілерге ауыстыру, жаңа тарату пункттерін орнату және электр беру желілерін ауыстыру, сондай-ақ жаңа тұтынушыларды қосу шектеулерін жою»,- деді Нұрбақыт Серікбай.

Сондай-ақ ол 2040 жылға қарай барлық жоғары вольтты (220 және 110 кВ) әуе желілерін толық жерастыға көшіру жоспарланғанын атап өтті.

«Осыны ескерсек, қаладағы күзет аймақтары 3-4 есеге қысқарып, қосымша жер телімдерін босатады»,- деді ол.

Осыған дейін, Алматыда көше шамдары жаңасына ауыстырылып жатқаны туралы жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар