Жаңа жыл қазақстандық спортшының жеңісімен басталды
АСТАНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат - Еліміз үшін жаңа жыл жеңіспен басталды. Словакияның Братислава қаласында 3-6 қаңтар аралығында мәнерлеп сырғанаудан «Словакияның Жаңа жылдық Кубогы» атты халықаралық турнир өтті. Байрақты бәсекеде 15 елдің мәнерлеп сырғанаушылары қатысып, жерлесіміз жеңіспен оралды.
Бұл туралы Baq.kz хабарлады.
Осыған дейін жасөспірімдер арасында сынға түсіп келген қызылордалық Элизабет Тұрсынбаева Братиславада алғаш рет жастар арасында додаға түсті. Соған қарамастан Элизабет әдемі ойын-өрнегін көрсетіп, жарыс жеңімпазы атанды. Ел абыройын асқақтатып, көк туымызды көкке көтерген жерлесіміз осы бәсекеде Қазақстанның намысын қорғаған жалғыз мәнерлеп сырғанаушы. Енді Элизабет наурыз айында Болгарияда болатын жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатына және Әлемдік Гран-при додасына қатысуды көздеп отыр.