Жаңа жыл мерекесінде тамақтан уланбау үшін не істеу керек – маман кеңесі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық эпидемиологтар Жаңа жылда тамақтан улануды болдырмауға қатысты бірқатар маңызды ұсыныстар айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, мереке күндері тамақтан улану жағдайлары едәуір артады. Бұл, ең алдымен, мереке күндері адамның әдеттегіден әлдеқайда көп тамақ ішетіндігіне байланысты. Тұтынатын тағам әрдайым сапа мен гигиена стандарттарына сәйкес келмейді, ал мерекелік тағамдар кейде бірнеше күн сақталады. Салдарынан бүлініп, тамақтан улану қаупін арттырады.
«Көп жағдайда тамақтан улану жағдайы мереке күндері артады, оның себебі тоңазытқышта екі-үш күннен артық сақталатын мерекеге дайындалған тамақ қалдықтарын тұтыну. Әсіресе ет, балық өнімдері және майонез қосылған салаттар, олар тез бұзылатын, тамақтан улануды арттыратын тағамдар тобына жатады, олардың сақталу мерзімі шамамен 24 сағатты құрайды. Сондай-ақ, осы топқа жататын десерттер, сары май мен қаймақ қосылған торттар патогендік бактериялардың тез көбеюі үшін тамаша орта болып табылады. Мұндай тағамдарды, әсіресе майонез қосылған салаттарды тоңазытқышта сақтау 24 сағаттан аспауы керек»,- деп атап өтті департамент өкілдері.
Эпидемиологтардың айтуынша, тағамнан улану белгілері жедел түрде пайда болады, дене қызуы көтеріліп, іш өтіп, жүрек айнуы мүмкін.
Жұқпалы аурулардың, тамақтан уланудың алдын алу мақсатында оңтүстік мегаполистің санитарлық дәрігерлері мынандай әдістерді ұсынуға кеңес береді:
- қауіпсіз тамақ өнімдерін таңдаңыз - азық-түлік сатып алғанда, қаптаманың тұтастығына, шығарылған күніне, жарамдылық мерзіміне және сақтау шарттарына назар аударыңыз;
- мерекелік тағамдарды дайындау кезінде, ең алдымен, қолдың, ас үй жабдықтарының, үй-жайлардың тазалығын қадағалау қажет;
- шикі тағамдар мен дайын тағамдарды бөлек сақтаңыз, оларды өңдеу үшін жеке пышақтар мен кесу тақталарын қолданыңыз;
- көкөністерді, жемістерді, жидектерді қолданар алдында мұқият жуыңыз;
- салаттардың тоңазытқышта сақтау мерзімі мәңгілік емес екенін есте ұстаған жөн. Әсіресе тоңазытқышта майонез қосылған салаттарды сақтау мерзімі 24 сағаттан аспауы керек. Егер салаттарға майонез қосылмаса, оны тоңазытқышта сақтау мерзімін 2 күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Алайда, бұл ет, шұжық, жұмыртқа қосылған күрделі салаттарға қатысты емес, тіпті күрделі салаттар майонезбен өңделмесе де, тоңазытқышта бір күннен артық сақтамаған дұрыс;
- жаңа дайындалған тағамды тұтыныңыз;
- етті, құсты, жұмыртқаны, теңіз өнімдерін және мерекелік тағамдарға арналған басқа ингредиенттерді қуыру, қайнату кезінде дұрыс температуралық режимді сақтау және пісіру үшін қажетті уақытты сақтау өте маңызды - өздеріңіз білетіндей, бұл термиялық өңдеу патогендерді «өлтіреді» және олардың токсиндерінің жойылуын қамтамасыз етеді;
- тағамды жәндіктерден, кеміргіштерден және басқа жануарлардан қорғаңыз;
- сапалы, таза суды пайдаланыңыз.