«Жаңа жылда қымбатшылыққа жол берілмейді!..» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 21 желтоқсан, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жаңа жылда қымбатшылыққа жол берілмейді!..» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында Қазақстан мен Беларусь ынтымақтастығына арналған «Қос тарапты ықпалдастық көрінісі» атты мақала жарық көрді. Мақалада Минскіде жұмыс сапарымен жүр­ген Пар­ламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтің беларусьтік әріптестері - Ұлттық Жиналыстың Республикалық Ке­­ңе­сінің төрағасы Анатолий Рубиновпен, Ұлттық Жина­лыс­тың Өкіл­дер палатасының төрағасы Владимир Андрейченкомен кездесуінде талқыланған мәселелер баяндалған. «Жүздесушілер екіжақты қа­ты­­настарды, оның ішінде парламентаралық деңгейдегі үнқа­ты­­су­ларды одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты. Қ.Тоқаевтың пікірінше, «Қа­зақ­стан мен Беларусь парламенттері арасындағы қарқынды бай­ла­ныстарды дамытуға ЕурАзЭҚ, ТМД ПАА, ҰҚШҰ ПА секілді парламенттік қыз­мет­тестік құры­лымдар аясын­да­ғы ынтымақ­тастық ықпал ете­тін болады»,-деп жазады басылым.

Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» газетінің осы санында «Бәсеке бар жерде сапа бар» атты көлемді материал басылды. Мақала авторы өткен сенбіде «Көрме» сауда-көрме кешенінде өткен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсы жайында сөз өрбітеді. «Қазақстанның үздік тауары» атты көрме-конкурстың басты мақсаты - отандық кә­сіп­орындар мен ұйымдар өнім­дері­нің сапасын арттырып, оның қызметін өзектендіру, Қазақстан рыногын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен то­лық­тыруға жағдай жасау, соны­мен қатар, сапа идеяларын көпші­лікке тарату. Көрме-конкурсқа осы жылдың тамыз-қыркүйек ай­ла­рында өңірлерде өткен бизнес өкілдері арасындағы сайыс­тар­дың 145 жеңімпаз кәсіпорны қатысты. Аталмыш кәсіпорын­дар­дың тек республикалық дең­гейде емес, сонымен бірге Кеден одағы рыногына шығуға да мол мүмкіндіктері бар», - делінген мақалада.

«Айқын» газетінің сейсенбілік санында «Әуе көлігінің әлеуеті артады» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалаға кеше, 20 желтоқсанда Парламентте өткен «Үкімет сағатында»Көлік және коммуникация министрі Ә.Құсайыновтың баяндамасында айтылған дүниелер арқау болған. Басылымның жазуынша, Ә.Құсайынов Қазақстан тарапы қабылдаған шаралардың арқасында таяуда Еурокомиссияның Ұшулар қауіпсіздігі комитетінің еліміздің тоғыз әуе компаниясына Еуропа аспанын «ашқанын» мәлім еткен.

«Осылайша, қазақстандық «Аэропракт КЗ», «Бүркіт-ЗК», «ІJT Avіatіon», «Навигатор», «Феникс», «АПЛК», «Сәлем», «Sky Servіce», «Тянь-Шань» әуекәсіпорындары батысқа сапар жасауға мүмкіндік алды. ... ЕуроОдақтың 27 мүше-елінің делегаттары Қазақстан билігінің авиация саласына қатысты есебін оң бағалап, саяси бедел-абыройы асқақтап келе жатқан жас мемлекеттің тоғыз бірдей ірі әуекомпаниясын «қара тізімнен» шығару туралы бірауыздан шешім қабылдаған. Оларға қатысты ЕО бағытында ұшуға шектеулер алынып тасталды», - делінген мақалада.

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде «Жаңа жылда қымбатшылыққа жол берілмейді!..» деген тақырыппен мақала басылды. «Жаңа жыл мейрамын тойлар алдында азық-түліктің, оның ішінде жеміс-жидек бағасының шарықтап шығатыны белгілі. Мәселен, қазір базарда қияр мен қызанақтың бір келісі 250-350 теңгенің айналасында болса, келер жылға аяқ басқан сәтте олардың бағасы 800-ден 1200 теңгеге дейін әуелеп кете барады. Дегенмен осы жолы бұл жаттанды құбылысқа тұсау салынбақшы. Нақтырақ айтқанда, еліміздегі Бәсекелестікті қорғау агенттігінің сөзіне сенсек, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында базардағы баға еш өзгермейді», - делінген мақалада.

Газеттің жазуынша, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі жергілікті атқарушы органдарға сауда орталықтарының, тауар өндірушілердің басшыларымен және көтерме сауда делдалдарымен кездесіп, мереке алдындағы сауда барысына қатаң мән беріп, жөнсіз қымбатшылыққа жол бермеуге тапсырма берген.

«Қазахстанская правда» басылымының бүгінгі санында ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша орынбасары Роберт Блейкпен телефон арқылы сөйлескенін жазады. Жалпы алғанда әңгіме барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастың қарқынына қанағаттанатындықтарын атап өтіп, ынтымақтастық дамуды одан сайын нығайта түсу қажеттігіне тоқталған. Ағымдағы жылы сәуірде Президент Н. Назарбаевтың Вашингтонға, ал желтоқсанда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Х. Клинтонның Астанаға сапары өткендігі белгілі. Осыған орай, екі ел лидерлерінің кездесулері барысында қол жеткізілген келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру қажеттілігі сөз болып, бұндай келісімдердің қазақстан-американ стратегиялық әріптестігінің дамуына тың серпін беретіндігіне ден қойылған.