12:24, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Жаңа жылдық мереке күндері елорда аумағында 58 қылмыс тіркелді ? брифинг
АСТАНА. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жаңа жылдық мереке күндері Астана аумағында екі кісі өлтіру оқиғасы орын алды.
Бұл туралы бүгін өткен брифингте Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы Элмира Шауленова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның атап көрсеткеніндей, мереке күндері қалалық ІІД-нің жеке құрамы қызметтерін күшейтілген тәртіпте атқарды. Нәтижесінде орын алған 58 қылмыстың 48-і ізі суымай ашылды. Оның ішінде 2 - кісі өлтіру, 19 ? ұрлау, 4 ? тонау, 2 ? алаяқтық, 2 ? бұзақылық және 19 адам денсаулығына қасақана зиян келтіру фактілері бар. Желтоқсанның 31-і күні Майтөбе көшесінің бойынан 25 жастағы азаматшаның өлі денесі табылды. Анықталғанындай, бірлесіп спиртті ішімдік ішуден кейін туындаған дау-жанжалдың барысында азаматшаның 1978 жылғы заңды некеде тұрмаған көңілдесі бұзақылық пиғылдармен оны ұрып өлтірген. Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК-нің 96 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Екінші кісі өлтіру оқиғасы қаңтардың 4-і күні орын алды. Мәселен, Орталық жол ауруханасында кәмелетке толмаған Б. есімді жеткіншек іш қуысына сұғылған пышақтың салдарынан көз жұмды. Криминалдық полиция қызметкерлері ақыл-есінен ауысқан деген диагнозбен жәбірленушінің әпкесін ұстап, Астана қалалық Жүйке жүйесі ауруларының медициналық орталығына орналастырды», - деді Э.Шауленова.