«Жаңа жылға 4 миллион, Тәуелсіздікке ақша жоқ» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Желтоқсанның 15-і. / ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда желтоқсанның 15-і, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
Желтоқсанның 12-сі, сенбі күні Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға жұмыс бабындағы сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесті. Кеңейтілген құрамда өткен келіссөз барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты талқылап, экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды. Толығырақ «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Ізгі достық, өзара сенімділік, шынайы әріптестік» деген тақырыптағы мақалаға назар аударыңыз.
Осы тақырыптағы мақаланы «Айқын» газетінің бүгінгі санынан да оқи аласыздар.
«Кез келген халықтың, мемлекеттің тарихында ешқашан ұмытуға болмайтын қаһармандық ерліктер мен қайғылы оқиғалар көптеп саналады. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік күні - бұл қазақ халқының еліміздің азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы санғасырлық күресінде 1991 жылғы желтоқсанда қол жеткізген Ұлы жеңіс күні. Біздің миллиондаған бауырларымыз өз өмірлерін, өз бастарын осы жеңістің құрбандығы етті. Сондықтан да осынау Ұлы жеңіс күні - ең басты мерекеміз болумен қатар, халқымыздың қаһармандық беттері секілді көптеген жаппай саяси қуғын-сүргін мен қасіреттерін қамтып, өз бойына жинақтайтын Қасірет және Еске алу күні де». Осылай деп толғаған «Азаттық азапкерлері» атты мақала тәуелсіздік жолында құрбан болғандардың өміріне арналыпты.
***
«Қазақстан Қытайға жер сатпайды!». Осындай тақырыппен «Айқын» басылымының бүгінгі санында жарық көрген мақала Қытайға жер сатылмайтындығын мәлімдеген. «Қытайға жер сатылмайды!» ел үкіметінің үзілді-кесілді сөзі осы! Бұл шешімін Премьер Кәрім Мәсімов кеше Үкімет үйінде өткен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселері жөніндегі республикалық кеңесте жария етті»,-дейді басылым.
«Түрікменстан - Өзбекстан - Қазақстан - Қытай» газ құбырының іске қосылуына қатысу үшін Қазақстан Президенті Түрікменстанға келді. Ашғабатқа ат басын тіреген ол алдымен Түркіменстан Президенті Құрбанқұлы Бердімұхамедовпен шағын құрамда келіссөздер өткізді. Толығырақ «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Ғасыр жобасы жүзеге асты» деген тақырыптағы мақаладан оқи аласыздар.
Бұл тақырыпты «Егемен Қазақстан» газеті де қамтыған.
***
«Тәуелсіздік ұғымы ұлттық энциклопедияда мемлекеттің өз саясатын өз еркімен жүргізуге қабілеттілігі ретінде анықталады. Әлемдегі 2500-ден аса халықтың 220-ға жуығының ғана тәуелсіздігі бар. Сондықтан түсіне білген адамға Тәуелсіз мемлекет - кез келген халықтың қолы жете бермейтін ең қасиетті құндылық», - деп жазған «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санындағы тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Сәрсембинаның мақаласы «Тәуелсіздік философиясы» деген тақырыппен беріліпті.
«Ғабиден Мұстафиннің Алашқа қатысы бар ма?». Осындай сауалға құрылған аталмыш басылымдағы келесі мақала XX ғасырдың әдебиет алыптары санатындағы Ғабиден Мұстафиннің өз болмысындай сырбаз, кесек тақырыпты тілге тиек етіпті.
***
«Жаңа жылға 4 миллион, Тәуелсіздікке ақша жоқ». «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы басты мақала осылай аталады. Алматы алаңын қанға бояған қасіретті оқиғамен орнаған Тәуелсіздігіміздің төл мерекесін Жаңа жылдың дақпырты тұмшалап жатқанын басылымдағы Есенбек Базарқұлдың мақаласынан оқи аласыздар.
«Астанада Абай ескерткіші Бәйтеректен кейінгі қастерлі дүниеміз болып асқақтап тұруы керек». Ақын, «Алтын тамыр» журналының бас редакторы Несіпбек Айтұлы газеттің «Дат» айдарында осындай ой айтады. Ақынмен болған сұхбатта қазақтың басына төнген қасірет ашаршылық жағдайы, Қытай жеріндегі жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған қазақтардың жағдайы сөз болады.
Сондай-ақ «Алаш айнасы» Газетінің Өркениет бетінен қазақ ауыз әдебиетінің жауһары «Қыз Жібек» жырының бүгінгі күнге қалай жеткені жайлы оқи аласыздар.