Жаңадан ашылған Метаболизмдік синдромды емдеу орталығында кәсіби білікті дәрігерлер құрамы жасақталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық медициналық холдингі базасында Метаболизмдік синдромды емдеу орталығы ашылды.

Жаңадан ашылған Метаболизмдік синдромды емдеу орталығында кәсіби білікті дәрігерлер құрамы жасақталды

«Орталықты құрудың негізгі мақсаты - ауру түрлерінің ушығуына жол бермеу тұрғысындағы жаңа білімді және түсініктерді көпшілікке жеткізу. Атап айтқанда, жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық дерттердің алдын алуға байланысты. Сондықтан осы сырқаттарға шалдығуы мүмкін адамдармен жұмыс істеуді мақсат тұтып отырмыз»,-деді бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Кеннет.

Ә. Кенеттің сөзіне қарағанда, метаболизмдік синдром бес негізгі фактормен айқындалады. Біріншісі - абдоминалдық семіздік, екіншісі - қан қысымының жоғарылауы, үшіншісі - қан құрамында қант деңгейінің артуы, төртіншісі - холестерин алмасуының бұзылуына және соңғы фактор қан құрамында триглицеридтердің жоғары деңгейіне байланысты.

«Аталған бес фактордың үш көрсеткіші орын алса, онда бұл адам метаболизмдік синдроммен шалдықты деп санаймыз. Яғни, осы орайда түрлі індеттердің дамуы мүмкіндігінің тәуекелі артады. Сондықтан осы факторларды дер кезінде анықтап, уақтылы емдеу, әр емделуші азаматтың жағдайын айтарлықтай жақсарта алады»,-деді ол.

Белгілі болғандай, орталық жұмысына медицинаның түрлі саласындағы кәсіби мамандар жұмылдырылып отыр. Олар адамдарды емдеумен қатар, ғылыми зерттеулермен айналысып, жинақталған тәжірибені Қазақстанның өңірлеріне таратуға ықпал етпек.

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіздікті жаһандық індет деп мойындап отыр. ДДСҰ болжамы бойынша 2025 жылға қарай семіздікке шалдыққандар сан әлемде 300 миллионға жетпек.