13:22, 14 Мамыр 2009 | GMT +5
Жаңадан қосылған проблемалы 12 үйдің мәселесі шешімін табу үстінде ? С.Хорошун
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанадағы проблемалы 19 тұрғын үйдің қатарына қосылған тағы 12 үйдің құжаттары прокуратура және сот органдарына тапсырылуда.

Бұл туралы бүгін құрылыстары «Жаңа құрылыс» ЖШС арқылы аяқталып жатқан нысандарды аралап көрген елорда әкімінің орынбасары Сергей Хорошун мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Еске сала кетейік, Астанада бұған дейін үлескерлердің қатысуындағы проблемалы 19 тұрғын үй кешені болды. Әртүрлі себептермен бұлардың қатарына тағы 12 нысан (2,5 мың үлескер бар) ауыстырылды. Олардың ішінде «АБК-5», «Пенопласт-ММ», «Жас қанат», «Аламан» және тағы басқалары бар. Үкіметтен бастапқы 19 нысанның құрылысын аяқтауға бөлінген 17,2 миллиард теңгенің үстіне қосымша 15,2 миллиард теңге бөлінді. С.Хорошунның айтуынша, бүгінгі күні аталмыш нысандардағы пәтер иелерінің құжаттары Тұрғын үй құрылыс кооперативтері арқылы жинақталып, олардың арыздары прокуратура және сот органдарына тапсырылып жатыр. Сот шешімімен үйлердің иелігі «Жаңа құрылыс» ЖШС-ға толығымен өткеннен кейін олардың құрылысы қайта жанданатын болады. Олардың 7-уін толығымен салып бітіру ұйғарылса, 5 үйдің құрылысы экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан, ондағы үлескерлер басқа нысандарға қайта бөлінетін болады. Өткен жылдың басындағы жағдай бойынша Астанада 37 мыңнан астам үлескердің қатысуында 227 нысанның құрылысы жүргізілді. Олардың саны бүгін 120-ға қысқарды. С.Хорошунның айтуынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 24-ке, ал үлескерлердің саны 6,5 мыңға дейін қысқарады.