Жаңадан құрылып жатқан тергеу сотында 6 адам жұмыс істейді - Алматы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жаңадан құрылып жатқан тергеу соты Орбита шағын ауданында орналасатын болады. Бұл туралы бүгін Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық соттың төрағасы Нұрғазы Əбдіқанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Тергеу соты ҚР Президентінің жарлығымен құрылды. Қазір бұл соттарды толықтыру жүргізіліп жатыр. Алматы ауданаралық мамандандырылған тергеу сотында 7 адам - 6 судья мен 1 сот төрағасы жұмыс істейтін болады. Тергеу соты Орбита шағын ауданында орналасатын болады",- деді қалалық сот төрағасы Нұрғазы Əбдіқанов.
Сонымен қатар сот төрағасы сот жүйесі саласында жүзеге асырылып жатқан өзгерістер туралы айтты. Оның айтуынша, Алматыда 18 соттың 156 сот залы аудио және бейне жазба жүйелерімен толық жабдықталған.
Атап айтқанда, "Сот кабинеті", "Төрелік", "Талдау форумы", "Ахуалдық орталық", "Аудиобейнебақылау" жүйелерінің арқасында азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдеп, қағазбастылықтан құтылу мүмкін болды.
Алматы қалалық сотының қылмыстық істер бойынша алқа төрағасы Бақытжан Қараманов Электронды қылмыстық іс жобасы тергеу уақытын қысқартуға, материалдардың бұрмалануын азайтуға мүмкіндік беретінін атады.
Осы уақытқа дейін электронды форматта 55 іс түсіп, оның 5-еуі қаралды.